Күн нұрынан күнде ерте қуаттанып – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Күн нұрынан күнде ерте қуаттанып» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.03.2021
  • 0
  • 0
  • 811
Күн нұрынан күнде ерте қуаттанып,
Көк аспаннан көңілге шуақ тамып,
Жан қалауы жамырап жақсылыққа,
Шұрқырайды жылқыдай суат барып.
Бірі – жайдақ, ой айтар, бірі – қабат,
Шешеннен сөз, ақынның жыры қалад.
Адамдықтың арасын жалғап тұрар,
Жүрегіңнің пердесі – жылы қабақ.
Басқасының барлығы оты біткен,
Ете алмайды пейілді өсіріп кең.
Шын өмірің – Иеңді таныған күн,
Тұрады екен өзгесі өтіріктен.
Танысқаның келесі... аруменен,
Достасқаның қан тілер қаруменен.
Жар басынан ұшырар жол секілді,
Орындалмас онымен зәру деген.
Ән ем делік, пендеге күй ем делік,
Аумас жүгім – арқалы түйем делік,
Бәрі бекер,
Жүректе отырмаса
Жаратушы сүйенген Иең келіп!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері