Бұл бетте «Өлеңімнің жолдарынан» атты Табиғат Абаилдаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Қайта жанды өшіргенім,
Қате болды кешіргенім.
Өлеңімде – түпнұсқамын,
Өмірімде – көшірмемін.
Арбағандай өзге сенім,
Толып қалды көзге шерім.
Ертеңімнен түк таба алмай,
Ертегіммен кездесемін…
Ей, ертегім, ойымды ап кел,
Сен де ақынды мойындап көр.
Сызылмаған өлеңдерім,
Жазылмаған қойындәптер.
«Кеткен күндер кетті», – дедім,
«Ерткен күндер ертті», – дедім…
Қойындәптер табар ма екен,
Бойымдағы дертті менің.
Сөйлей қалсам – сөзім бөтен,
Сәттер ғайып төзімге тең.
Айлар бойы айыға алмай,
Өз дертіммен өзім кетем.
Тағдырымның тоңдары нән.
Қайырым жоқ қорғанынан.
Бір кешірім күтіп келем,
Өлеңімнің жолдарынан.
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі