Өлең, жыр, ақындар

Жүрегімде махаббат

  • 13.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1639
1.
Сендей жанды армандағам дүниеге келгелі,
Жас та болып қыдыруға тағдыр ырық бермеді.
Торға түскен кезімде бұл зарықтырып жолықтың,
Ақ жүзіңе қарай-қарай сөнермін деп қорықтым.
Елестетіп жынды болдым пішініңді келіскен,
Алысқа ұшып кетермісің, ақ кептердей періштем.
Сендей қызға көзім түсті, күнә екенін білемін,
Амалым жоқ құса қылды тыным бермей жүрегім.
Сонау-сонау бала кезде түс көріп ем тылсым бір,
Өзіңді аңсап содан бері буындырды қыл шылбыр.
Менің жасым кетпейді екен қайткенменен тегінге,
Жолықтырам деп ойлаушы ем ақыры бір өңімде.
Ай дидарың мөлдіреп-ақ жүр екенсің бақ құсым,
Көктемеге айналды да жүре берді ақ қысым.
Көңілімде күн шуағы ғазалдаттым бірақ та,
Жете алмай-ақ кетермін деп өмірлік бір мұратқа.

2.
Титтей жылу тимесе де сенің ыстық шоғыңнан,
Гауһар жүзің алдандырды ай нұрына шомылған.
Жанға жылы шуақ құяр топ-толық сол саусағың,
Саусағыңнан ұстадым да, бордай тозып қаусадым.
Үлбіреген дидарыңда, тамағыңда бір мін жоқ,
Ал кеудеме салып жатыр, салып жатыр сүргінді от.
Тар қапаста қалғандаймын, қалай бұған көнемін.
Күндіз-түні өзіңді аңсап, елесіңе сенемін.
Сен болмасаң аласұрам жансыз қалған секілді,
Жүрегімді қан жуады, жас жуады бетімді,
Сезбей қойдың менің осы қорғансыздау халімді,
Кімге ғана сыйлайсың сен гүлдеп қалған бағымды?
Не дайындап қойды екен, біле алмадым, келер күн,
Сені ғана аңсап жатып, ойлап жатып өлермін.
Жан едің сен ақылы бар, өз еркің де өзіңде,
Өзің дағы бағынарсың теңіздейін сезімге.
Тек қана сен аман алып қала аласың жанымды,
Ұқсаң егер күннен күнге кері кеткен халімді.

3.
Ақаулық та жоқ болатын шыққан ата тегімде,
Саған ғашық болуға бір қақым бар ғой менің де.
Нем бар, айтшы, жүрегімнен өзге менің сенетін,
Пендемін мен дүниеге бір-ақ рет келетін.
Қолым жетпей ештеңеге өз-өзімнен қорланам,
Мұратыңа жете алмастан өліп кетсең, сол – жаман!
Құдай мені кешіреді, өзі берген сезім бұл,
Таптасаң да, батпасаң да, ақтасаң да — өзің біл!
Көзімді де, жүзімді де торлап алды бүгін мұң,
Не десең де көнетұғын сенің ғана құлыңмын.
Сен де, мен де кетерміз-ау ажал жетіп бір күні,
Бірақ одан жамалар ма көңілімнің жыртығы.
Шейіт болсам ризамын – құшағыма құласаң.
Ит болайын одан артық жарты бақыт сұрасам!
«Сүйдім» деген ештеңе емес, ғашық болдым дерт еміп,
Өзің ғана құтқармасаң, кетемін-ау өртеніп.
Жынды болған шығар дерсің сөзін айтпай естінің
Құдай кешер сені дағы, жөн сөзіңе көш, күнім!

4.
О, сүйікті ақ махаббат, жазылмайтын дерт пе едің?
Сенің күйің болды менің күндіз-түні шерткенім.
Қайтсем ғана бұл дүниеден бір жұбаныш табамын,
Махаббаттың майын құйып отқа қойған табамын.
Күйіп-жанып өртенемін, алаулаймын, жанамын,
Дегеніне көнгім келмей әлем-жәлем сананың.
Жағалауды ұрғылаған толқынындай Арыстың,
Ойларға ауыр шыдаймын деп жалғыз өзім алыстым.
Уақыт сені жасырды да ұмыттым деп жүр едім.
Абайсызда жолықтым да атқақтады жүрегім.
Денемдегі сүйек біткен еріп кетті, таңданам,
Жан екенмін өзімді-өзім аямай-ақ алдаған.
Маған жұмақ секілденіп оймақ ауыз, бал тілің,
Сағымменен араласып көз алдымда қалқыдың.
Кездестіріп жай отындай жанарыңның жарқылын,
Домнадағы қорытылған болаттайын балқыдым.
Өз кеудемнен орын таппай шырылдады шыбын жан,
Ая менің жүрегімді алдыңа кеп жығылған!

5.
О, сұлулық тілін кескен бақтағы әсем бұлбұлдың,
Қол жеткізбей орта жолда жігерімді құм қылдың.
Һәйям талып түсер еді көргенде егер өзіңді,
Жердің жүзін нұрландырған сенің қара көзіңді.
Рафаэль құрбан етер бар еңбегін жолыңа,
Көбелектей келіп түсіп сұлулық – от торына.
Жанбысың сен көктемдегі ақ жаңбырдан жаралған,
Жарық әлем ақ нұрыңнан сөнбес сәуле, нәр алған.
Жебе болып қадалды да жүрегіме кірпігің,
Жел тербеген ақ теректей мені қайта сілкідің.
Қызғалдақтың күлтесі де нәзік емес денеңнен,
Жеткізе алмай қиналамын пәктігіңді өлеңмен.
Күн бар ма екен ләззатыды қымыздайын сімірер?!
Сені көрсе Ақан сері үн қата алмай сүрінер.
Сендей ару болған емес гаремінде хандардың,
Тәттісі де жоқ шығар-ау сенен бөлек арманның.
Сен шығарсың Хафизді де махаббатқа мас қылған,
Өмірімді қидым саған, жолыңа енді бас құрбан!
Неден болса тайынбайтын, тайсалмайтын кезім бұл,
Өртеп күлге айналдырып кетем десең — өзің біл!

6.
Жалын шығып жүрген кезде көмейімнен күрсінсем,
О, сүйіктім, бүгін тағы түсіме еніп жүрсің сен.
Көптен күткен қабыл болып қалғандай ма тілегім –
Бірдеме деп айтып жаттың бал-бұл жанып реңің.
Әрдеңенің басын шатып ойланбайтын баладай,
Саған сөйлеп жатыр ма екем ешнәрсеге қарамай.
Созған қолым енді-енді жеткен кезде қолыңа,
Оянып-ақ, кеттім тағы, не дауа бар сорыма?!
Көрген түсім сол күйінше тұр санамда жаңғырып,
Неге ояндым, дәл солайша ұйықтап кетпей мәңгілік.
Жалғыз мұңдық өзім болып мына жалпақ жердегі,
Кезіп кеттім байыз таппай сенсіз суық бөлмені.
Көктемдегі жер бетіндей Күн нұрымен еріген,
Балқып кетіп жоқ болармын махаббатқа тегі, мен!
Қайтсең-дағы жүрегімде құсалықтан мол қайғым,
Кебін кидім топшысынан жараланған торғайдың.
Мезгіл өтіп бара жатыр, ай артынан сырғиды ай,
Ал мен болсам, аласұрам жем таппаған қырғидай.
Бұл өмірде өлеңдегі егіз жолдай серігім,
Сенсіз мәнсіз дүниені тәрік еттім, жерідім.
Дәрменсізбін, тұңғыш рет ішім күйіп жыладым,
Таусылды амал, етпетімнен төсегіме құладым.

7.
Жүрегімде сенің қайғың серпіп тастай алмадым,
Өзек өрт боп күнді күнге амалсыздан жалғадым.
Құрысыншы барлығы да, өлер болдым қалжырап,
Жүрмекшімін қашанғы мен өз-өзімнен қан жылап.
Тағы да бір түсіме енші, айтайын бар сырымды,
Ая менің күзгі гүлдей солғын тартқан түрімді.
Тал мүсінің тұрған кезде бұйырмай-ақ жатқа құр,
Ақ ниетпен, ақ тілекпен босағамды атта бір!
Тоят алып ерініңнен батайын тек күнәға,
Одан бөлек ештеңені, ештеңені сұрама!
Мас болайын лебізіңе, көмілейін шашыңа,
Шуақ төгіп жүрегіме, келші менің қасыма.
Ерік беріп зарлағанша күндіз-түні тіл-жаққа,
Қол ұстасып кетейікші көз көрмейтін бір жаққа.
Адамбыз ғой дүниеге бір-ақ рет келетін,
Келші, жаным, орындалсын өмір бойғы медетім.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сағыныш сезіміңді жалындатып

  • 0
  • 0

Сағыныш сезіміңді жалындатып,
Көке, мені мамырлаған мамырда күт.
Шошынба терезеңді шертіп тұрсам,
Беймезгіл қалған кезде бәрің жатып.

Толық

Жеті теңге – жеті жыр

  • 0
  • 0

Жеті кәміл пірлерім, жалындым саған,
Кеудемде күмбір күй толы, жаным жұмсақ ән.
Жеті теңге жырыммен жұбатқым келді,
Жүрегімді, жүйкемді жалын құрсаған.

Толық

Алпыс жыланның терісін

  • 0
  • 0

Алпыс жыланның терісін,
Қулық қылған мен едім,
Жетпіс жыланның терісін,
Сулық қылған мен едім.

Толық

Қарап көріңіз