Басыма менің сан күндер құрды өрмегін – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Басыма менің сан күндер құрды өрмегін» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 675
Басыма менің сан күндер құрды өрмегін,
Таусылды білем серуен-сауық ермегім.
Екі көз төрт боп жолыңды күттім күн сайын,
Бермедің хабар, қиналған кезде келмедің.
Берік пе еді төзімің сенің соншалық,
Жүрсің-ау менсіз таңдарды талай қарсы алып.
Ойладым сені мезгілсіз мынау көңілде
Тоңғанда сезім көңілсіз күйден тамшы ағып.
Екеуміз едік еліктің екі лағы,
Екеуміз емдік бір таудың мөлдір бұлағын.
Тұтандырар деп үміттің сөнбес шырағын,
Өткеннен-дағы, кеткеннен-дағы сұрадым.
Қорқамын сенің хабарсыз кеткен кезіңнен,
Қорқамын осы сұрқия, суық сезімнен.
Құзғынның даусын түсімде жиі естимін,
Бау-бақшаң аман болса екен дәйім өзіңнің.
Мазасыз кеште шиебөрілер жылайды,
Сағыныш арман кеудеме келіп құлайды.
Үмітім менің секілді күздің мизамы,
Үлпілдеп ұшып мезгілден медет сұрайды.
Уылжып піспей үзілер ме екен өрігім,
Әйтеуір сенің естілмей жатыр өр үнің.
Құзғынның даусын түсімде жиі естимін,
Аман болса екен дауылдан сенің өмірің.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері