Өлең, жыр, ақындар

Осы мен

  • 19.03.2019
  • 0
  • 0
  • 1842
Осы мен қартайдым ба, кәйттім білем?
Бұлдырар көз әйнексіз көзім кілең.
Даусымның жоғалтыппын сыңғырлағын,
Сұрғылттау, сұңғылалау тартып рең.
Кеудемде толып жатқан ән, күйім бар,
Табылар ағыл-тегіл айтар сырлар.
Желігіп мен де жырлап кеткендеймін
Үйіме қонақ болып кетсе ақындар.
Сүйемін әншіні де, жырауды да,
Білемін домбыраны бұрауды да.
Досымын жақсы ән менен жақсы әншінің,
Білемін жақпастарын сынауды да.
Әр күннің өз қызығы тойлағаным,
Ертең аш қалармын деп ойламадым.
Барында достарыммен бөліп жедім,
Жоғында дей алмадым: «Той, қонағым!»
Оған мен мұңаймадым, мұқамадым,
Байлықтың іздемедім құтайғанын.
Күтпедім күлу үшін, ойнау үшін
Қалтамның ақшаменен сықайғанын.
Тұғырға қонғаным жоқ деймін әлі,
Кеткен жоқ тастап мені жастың жаны.
Сеземін қызуымды бұрынғыдай,
Болған жоқ мінезім де құбылмалы.
Әрине, табылады кемісім де:
Отырсам тез шаршаймын топ ішінде,
Қаламын аңғара алмай жай айтқанды,
Байқаймын ұмытшақтық белгісін де.
Қол үздім шылымнан да, арақтан да,
Тұрады тез қайтқым кеп қонақтан да.
Қалыпты түнде жортар бөрі мінез
Үйге әрең оралатын таң атқанда.
Қимылдау қиындапты шығып шектен,
Күңгірттік көзге де кеп кіріпті еппен
Көрінер келіншектей кексе әйелдер
Әдейі үңілмесем көз әйнекпен.
Жай жүрген, байқап жеген бойға жеңіл,
Бұрылды қызулықтан ойға көңіл.
Күздің де өз шуағы, өз көркі бар,
Қызықты өткеннен де қалған өмір.
Білмеймін аз қалды ма, көп қалды ма,
Өткенді ұмытыппын жоқтауды да.
Келемін болдырмастан болашаққа,
Күдіктер, қобалжулар тоқталды да.
Қызықты маған әлі жас ұраны,
Жүрегім жасыл баққа асығады.
Тартқанға бетім кене тарықпаймын,
Жанымның қуармаса жапырағы.
Өзіме қызығады қыздар әлі
Дер едім жалған сөзге кім нанады.
Әйтсе де ойнақы анау сайтандардан
Кәзір де жеңген мені қызғанады.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қара ағаш

  • 0
  • 0

Әкемдей еді осы бір жуан қара ағаш,
Біздің үйдің қақпасын тұрған күзетіп.
Ауырып шықты ана бір қыста сол ағаш
Тозығы жеткен тамырларына сыз өтіп...

Толық

Ақынға айтылған екі тілек

  • 0
  • 0

Кешір, ақын, бұл көрмедік кім деме,
Жынды ма өзі, бүйтіп қалай жүр деме.
Сүйем деген айтып берші сөзімді
Сүймей жүрген өзімді бір жеңгеме.

Толық

Балама

  • 0
  • 0

Есің де кірді, есейдің, балам,
Ертеңге барар ашылды жолың.
Әке деп маған болмай-ақ. алаң,
Таба бер енді құрбыңның тобын.

Толық

Қарап көріңіз