Қасқалдағым – Тортай Сәдуақас

Бұл бетте «Қасқалдағым» атты Тортай Сәдуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.04.2021
  • 0
  • 0
  • 601
Көктем келді! Көгінде қаз ұрандар,
Қаңқылынан сағыныш сазын аңғар.
Жеттің бе, аңсап, ән сап, Қасқалдағым,
Өзіңе оңаша айтар базынам бар.
Қанатыңнан ескендей көктем лебі,
Сөйлеттің көңілдегі көп пернені.
Қалқам-ау, қайда жүрдің, сендей құсты,
Көл едім көксеп жатқан көптен бері.
Қона ғой, айналып ең арманыма,
Жаңа-жаңа толысқан арна мына;
Қарамай асықтың ба, қарасуға,
Әйтеуір қанаттарың талмады ма?!
Өттің бе аңшылардан аман-есен,
Пәк жаның құмар шығар далаға әсем.
Қуы – дүр, нуы – өндір, суы – мөлдір,
Көлімді Көкшедегі арала сен.
Адаспай қамысында басқа арнаның,
Бал айыңды базармен баста ардағым.
Паш етіп біздің көктем басталғанын,
Қаға түс қанатыңды, Қасқалдағым!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері