Арайлы таңда – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Арайлы таңда» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.05.2021
  • 0
  • 0
  • 1089
Арайлы таңда,
Аңырай жетіп қанша мен,
Ағайын, сенен
Адалдық қана аңсап ем,
Мәз болып тұрдым,
Мейірім көрсем жанардан,
Арманым жоқтай,
Сол шақта тоқтай қалса дем.
Жалғанды жасыл
Жалықпай қанша кезгенде,
Жылылық іздеп,
Үңілдім барша көздерге,
Ақкөңіл жұртым
Аңқылдап шықса алдымнан,
Арғымақ асау көңіл де жүйткіп,
Озды ерде.
Алдына тартар
Ақ жанымды алып жеткенде,
Селк ете түсем,
Сырт беріп шықса көп пенде,
Дос көзінен сәл салқындық сезсем,
Сол маған,
Қаттырақ батар,
Қаһары қатал кектен де.
Сіресіп қырда
Жатып алғанда қар айлап.
Жылылық іздеп,
Жібісе еді деп бар аймақ.
Шарқ ұрам қанша,
Ағаларға да алаңдап,
Артымнан жеткен
балаларға да қарайлап...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері