Өлең, жыр, ақындар

Түс көрем

  • 02.05.2021
  • 0
  • 0
  • 680
Қызық бір түстер көрем мен:
біресе ақбоз ат мініп,
құйғытып ала жөнелгем,
қап-қара бұлтты қақ тіліп.
Көкірек толы күш, білем,
алысқа тарап атағым,
алқызыл бұлттар үстімен
ағызып бара жатамын.
Тағы бір қызық түс керем,
тап болып талай сәттерге:
Қып-қызыл шоқтай күшті
өлең құйылып жатар дәптерге.
Кіреді-ау түске қайдағы, ә!
Алдымда құлап жат қала,
асқақтау қарап айнала
отырам алтын тақта да!
Теңізде кейде жүзіп ем,
Толқыны тауды бұзардай.
Біресе хордың қызымен,
қыдырып жүрем –
қызармай...
Түс көрем түрлі,
не керек:
Күйдірсе бірде ел бекер,
кейде бір қызыл көбелек
ұстатпай ұзақ...
терлетер.
Жүремін таңда кез іліп,
бола ма содан ой алаң:
Айдаһарға да кезігіп,
алысып жатып, оянам.
Талықсып,
тағы көз ілем:
Қып-қызыл оттың ішінде
жалмауыздардың өзімен
жағаласып жүрем түсімде.
Мақұлық аз ба айлалы,
белгісіз түрі, тұрағы:
Түсіме кейде
қайдағы
құбыжық кіріп шығады.
Күлгені қайсы,
үргені
білдірмей,
бірде кейіндеп,
аңысымды андып жүргені,
қапыда талап жейін деп.
Оңайға соқпас кімге де,
ой түсіп оқыс ішіңе:
досыңмын
дейтін бір неме,
дию боп кірсе түсіңе!
Өңім бе,
білмей,
түсім бе,
Тап беріп талай қояды аң:
қас-қағым сәттің ішінде
қара тер болып оянам.
Сол ма деп, тағдыр жазуың,
айқаспай қалай қоярмын,
Арыстанның да азуын
айырып жатып, ояндым.
Түс көрем өзім не түрлі,
Түс көрем қызық үнемі.
Әулие Қыдыр секілді.
қарттар да кіріп жүреді.
Асасын ұстап, қасыма
асыға жетіп, қатады үн:
биік бір таудың басына
өрмелеп бара жатамын!
Жалықпас ұзақ шырқауға,
достарға еріп кіл өндір,
бір тауды қосып,
бір тауға
қақпақыл қылып жүрем бір.
Оянам күліп,
күлкім кеп:
тірлікте мынау
алдау көп,
жауыздық құрғыр біртіндеп,
құрып та бітіп қалды-ау, деп!
Түс керіп шығам әр күні,
есімде кебі сақталмай,
Біресе соның барлығы
өңімде болып жатқандай.
Айнала жұрттың сөзі үдеп,
бөлініп онға ой мүлде.
алысып жатам тезірек
оянып кетсем деймін де!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бар еді менен де өткен асқақ қайсың

  • 0
  • 0

Бар еді менен де өткен асқақ қайсың,
ағатай, неге сонша қашқақтайсың? —
Үйіңе үлкен-кіші жиылғанда
тойыңды бұрынғыдай бастатпайсың.

Толық

Назгүл

  • 0
  • 0

Ауыл жаққа бара қалсам бәз-бірде,
әзіл айтқым кеп тұрады Назгүлге:
"Мен де саған басы байлы бол" демен,
қасыма еріп жүрсеңші, деп, аз күнге!"

Толық

Жерді сат!

  • 0
  • 0

— Қарсымыз! — деп қаһармен айта алмасақ ел құсап,
өнбес дауды қуып та керегі не енді ұсақ,
керіп өңеш, кеңірдек жырта бермей, ағайын,
"қатын-бала қамы" деп,

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер