Өлең, жыр, ақындар

Жерді сат!

  • 01.06.2021
  • 0
  • 0
  • 483
12 шілде 1999 жыл. Қазақстан Жазушылар одағында өткен жер мәселесіне арналған жиыннан соң іле-шала жазылып, газетке ұсынылған еді, ондағылар уәде бере тура ұзақ ұстап барып, ақыры жариялауды "ұмытып" кеткен болатын.

— Қарсымыз! — деп қаһармен айта алмасақ ел құсап,
өнбес дауды қуып та керегі не енді ұсақ,
керіп өңеш, кеңірдек жырта бермей, ағайын,
"қатын-бала қамы" деп,
жөніңе көш — Жерді сат!
Іздеп тауып тағы бір жұлымырлау делдалды,
сорпа-сумен алдай сал даурығысқан елді әлгі,
малды саттық тігерге тұяқ қоймай түп-түгел,
арды саттық,
ендеше сатылмаған нең қалды?!
Ақының да сатылып, қатының да сатылып,
"Сатылма!" — деп ешкімге айта алмадық ақырып.
Ұстағаны — қолымен, тістегені тісімен
сатты бәрін, не керек,
сатты судай сапырып.
Баспанаң да сатылды, жас балаң да сатылды,
сатылмаған, құдай-ау, не қалды өзі татымды?
Жаттың бәрін, әйтеуір, жарылқап-ақ жатырмыз,
ырзығынан айырып,
жалаңаштап жақынды!
Қойсыз елге қотанның керек жоғы секілді,
ойсыз ерге Отанның керек жоғы секілді, 
жер не керек қазаққа —
тұрмағасын бақ тосып,
жесіріңді сат қосып,
шырылдат та жетімді!
Иесі кім бүл жердің?
Киесі кім?
Білмедім.
Қайда барып саудалап,
сатады оны кімге кім?
"Сатам!"— деген мықтыға қарсы айта алмай
қаймығып,
жалған болып шықты ма —
Жер-Ана деп жүргенім?!
Ел едік қой көнбіс-ақ.
Кең едік қой көнгіш-ақ,
қарсыласпай ендеше,
"Сат!" — деп жатса —
Жерді сат!
Мәжбүрлік пе бұл өзі,
мәжнүндік пе, кім білген,
кешіре гөр, жасаған —
береке бер, бер нысап!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бірден асып, біреуден жүрдік пе кем?

  • 0
  • 0

Бірден асып, біреуден жүрдік пе кем?
Тәтті екен-ау, дүние-ай, тірлік деген.
Жақсы екен-ау жұмыс та күнде асығып,
Шаршап-талып жүрсек те бір бітпеген.

Толық

Даласында майданның

  • 0
  • 0

Даласында майданның
жағасында Сайранның
өтті-кетті, не керек,
қарымтасыз қайран күн,

Толық

Осыншалық батырып таңда мұңға

  • 0
  • 0

Осыншалық батырып таңда мұңға,
тағдыр, мені тағы да алдадың ба? —
Алтын балық қолымнан сусып шығып,
құр әуресі қалыпты-ау қармағымда!

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер