Қылдырықтай өкшелі – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Қылдырықтай өкшелі» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.07.2021
  • 0
  • 0
  • 689
Қылдырықтай өкшелі,
бұлдырықтай бөкселі,
сені мендей сүйетін жер үстінде жоқ сері,
оған куә —
кешегі Көктөбенің етегі,
балтырыңа жабысып жатып алған көк шөбі.
"Мың бір түннен" білетін
мықындысы Мысырдың
шеніңе де келмесін
шешіндірмей түсіндім.
Ермін деген еркекті емексітіп баладай,
майшабақтай еріткен,
Мадонна-қыз мүсіндім!
Қынабынан суырған қылыштай-ақ бір өткір,
қия жаздап мойнымды,
қия жаздап білек тұр.
Қаз омырау, қайқы бел,..
арғы жағын айтуға,
ауыз бармай,
амалсыз,
қала берді
жүдеп тіл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері