Асығып асқақ өр көңіл – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Асығып асқақ өр көңіл» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.07.2021
  • 0
  • 0
  • 813
Асығып асқақ өр көңіл,
асау да міндік, астық шың.
... Мен үшін, қалқам, сен де бір
алыста қалған жастықсың.
Жүзіндей жаңа қылыштың,
жарқылдап өскен шынарым,
жанбай да қалған бір ұшқын,
қанбай да қалған құмарым!...
Тетелес өстік, сыйластық,
сезімнің шоғын кеш үрлеп,
көзінде кетті қимастық,
өзіңде кетті есіл-дерт...
Аялап асыл арманды,
әдеттен озып, аспаушы ең
талай бір тәйтік "тарланды"
қабағыңмен-ақ жасқаушы ең.
Күні-түн саған жыр арнап,
қағынып жүрген жас ақын,
қиялмен құшып, жұмарлап,
қасыңа бармай,
қашатын.
Көз тартқан көрік, әрімен
киелі жердің, киігі ең,
жасырып елдің бәрінен
жанып бір...іштей...сүйіп ем!
Қанығып іштей атыңа,
көкейде тұрып назды үнің,
Мен болып шықтым
қапыда
қала да берген Мәжнүнің!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері