Сенім – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Сенім» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.07.2021
  • 0
  • 0
  • 963
Сен жоғалма, Сенімім, сен жоғалма,
Сен жоғалсаң бойыма ем қонар ма?
Анау-мынау демейін, алдыменен
Кедей менен керексің кембағалға.
Көлігім мен қосарда көшімді елге
Көнбей, қонбай кеудеме кесірленбе.
Анау-мынау демейін, алдыменен
Жетімдер мен керексің жесірлерге.
Дерт алғанда,
Өзекті өрт алғанда
Ермей қойып... кетпейін ерте арманда...
Анау-мынау демейін, алдыменен
Ғаріптер мен керексің кемтарларға.
Сен жоғалсаң – жоғалам мен де бірге,
Жоғалам деп келмейді пенде өмірге.
Сенен артық сенімді серігім жоқ
Жеме-жемге келгенде Жерде, Күнде!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері