Өлең, жыр, ақындар

Армысың

  • 29.07.2021
  • 0
  • 0
  • 622
Армысың, қарт Шыңғыстау тізбектелген,
Қызыңмын сағынышпен іздеп келген.
Сонау бір отты жылда бауырында
Сайысып, қиындықты жүз бөктергем.
Армысың, Шыңғыстаудың даласы кең,
Төсіңе жаз гүліндей жарасып ем.
Қуыртып Сұр төбелге жер танабын,
Төгілтіп шырқап-шырқап алатын ем.
Армысың, бүгінгі орда Қарауылым,
Бауырында тоғысатын бар ауылың.
Ен дала қас батыры тәрізденіп,
Елімнің еске салдың дана ұлын.
Армысың, Жидебайым – Абайқорық,
Нұрындай осы өңірдің арай көрік,
Ырыс-бақ ұялаған құтты қоныс,
Мен сені түгесем бе санай беріп.
Армысың, қариялар секілді асқар,
Құрбылар, бүгін аға, кеше жастар.
Толқыған көңіл тілге ерік бермей,
Білмей тұр ақын сөзді неден бастар.
Өткен соң ширек ғасыр түңғыш келдім,
Кең дала тұнған алып тыныс көрдім.
Қауым боп еселеген ел ырысын,
Тепкінді, тегеурінді тың іс көрдім.
Пау жұртым, бақ-дәулетің басында екен,
Қазақтың жайлау жаны осында екен.
Орнында ескі ауылдың өскен қала
Дегізді емес пе екен тосын мекен.
Білмеймін көдең көп пе, қойың көп пе,
Арқардай одырайған тойып көкке.
Мыңғырып белең, сайың, қырат-қорық,
Қаптапты сыймай мынау төңірекке.
Кеткендей қусырылып бел арасы,
Жаңғырып жиілепті ел арасы.
Кешегі комсомолға өзім алған
Жастарым бүгін жайсаң ел ағасы.
Ел едің сен ежелден өнер кені,
Жоқ екен дәстүріңнің көнергені.
Топ жарып суырылған шешендерің
Дегізді мынау Абай өрендері.
Жастарың өнерлісін біліп келгем,
Даңқына көптен құлақ түріп келгем.
Әйтсе де, көзім көріп, көңілім толды
Пау, қалай сай тасындай іріктелген!
Әкелер бастағанын алға асырып,
Ағаға іні серік жалғас тұрып,
Абай мен Мұхтар аға дәстүрін де
Бүгінмен келеді екен жалғастырып.
Жаңаның театрың – жаңа ырғағы,
Бүгінде ордасындай танылады.
Сонада, Ойқұдықта Мұхаң өзі
Көтерген өнердің жас шаңырағы.
Осылай Абай елі, Мұхтар елі
Өскенін айтсам қауым құптар мені.
Шын болат жігер болса шындағандай
Өнердің мерейі асып шыққан жері.
Білмеймін бұл өңірде жыр тынбағын...
Еселеп өсе берсін жұртым бағың.
Мен түгіл дұшпан қарап қызыққандай
Берекең, жасай берсін ынтымағың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өкшелеп менің, шырақ, ізім баққан

  • 0
  • 0

Өкшелеп менің, шырақ, ізім баққан
Сенсіз де жетіп жатыр құрған қақпан...
Сол «сылқым» бұл дүниеде біреу-ақ қой
Өзгесі болса, іздерсің басқа жақтан.

Толық

Ләзиза

  • 0
  • 0

Жақсы дос, жаны құрбы Ләзизасың,
Тәнтімін маған ерек ықыласың.
Достыққа жаны ынтық жан екенсің,
Басыңа бақ-талай боп нұр құласын.

Толық

Қабыл ал қазақ сәлемін

  • 0
  • 0

Ортаңа жаңа келсем де,
Емеспін жай бір таныс жан.
Туысым, досым қадірмен,–
Деп іздеп келдім алыстан.

Толық

Қарап көріңіз