Оқжетпес
Көз көріп, көңіл неге қызықпайды,
Келмей ме алғың көктен үзіп айды!
Сұлу көп, сұлулық көп жанды жаулар
Емесін бәрі нәсіп кім ұқпайды!
Әйтсе де жан жүрегің жарақтанып,
Әлдебір нұр бойыңа тарап барып,
Сұлулық көрген сәтте көңіл өсіп,
Ұшқандай болмайсың ба қанаттанып!
Бірі ғой соның Көкше – жер сұлуы.
Қалың ну жіпсіп, жұпар ұшқан буы
Шұбалып шың басына көтерілген
Көк мұнар – Көкше батыр тұтқан туы.
Көзіңдей жаудыраған құралайдың
Төменде көңіліңді бұрар айдын.
Жан-жағын айнасына түсіріп ап
Толқиды тұнық суы Бурабайдың.
Кешкендей көл түбіне діңгек тас та,
Ұмытып дүниені онан басқа
«Атқан оқ қайдан жетсін» деп таңырқап,
Толады телміргеннен жанар жасқа.
Оқжетпес – жиған жүктей тас керікті,
Дәл мұндай тас заңғарын кім көріпті!
Беймәлім қайдан келіп, қалай шықты,
Басына таудай болып піл шөгіпті.
Тұмсығын діңгектей ғып салбыратып,
Қалайша найза ұшында қалды қатып!
Әлде бір табиғатпен тайталасқан
Жау жүрек күш иесін қалды ма атып!
Әйтеуір көз көрген жәй көпке танық,
Қыран құс қана жетер қанат талып
Бір өзі ап Оқжетпестің ұшар басын
Алып піл мәңгі мекен еткен анық.
Барласаң Оқжетпесті онан әрі,
Көп сурет көңіліңе оралады...
«Өрмелеп шың басына қалмақ қызы
Желбіреп бара жатыр орамалы».
Қыранның шыңның үнін шыңға қосып
Жаңғыртқан сақ-сағына құлақ тосып,
Биіктен көз жіберсең, биіктейді
Жарысып бұлтпенен бірге көшіп.
Білмедім мұнда қандай заңдылық бар,
Маңайды тақ бойына таң қылып бар,
Қарасаң қай биіктен аласармай
Көрінер Оқжетпеске тән қылық бар.
Биіктік бар тұлғаға жарасардай,
Биік бар тұрар алға қара салмай.
Жаралған жан өзінің биігінен
Не жетсін өткеніне аласармай.
Бетінде жұмыр жердің дара тұрған,
Бір бұрыш көркі ерекше жаратылған.
Қайтуға биіктіктен ғибрат алып
Оқжетпес әдейілеп баратын маң.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі