Өлең, жыр, ақындар

Жас қайрат

  • 12.08.2021
  • 0
  • 0
  • 1353
(Комсомолдар съезіне)

Жас қайрат күндей қайнап, гүлдей жайнап,
Құлындай емін-еркін далада ойнап,
Қолға түскен шынжырлы бұғалықты,
Дырылдатып, сүйретіп кетті бойлап.
Жас қайрат күндей қайнап, гүлдей жайнап,
Күресті қан майданда белді байлап.
Тоттанған өмірдің бар доңғалағын
Зырылдатып, жүгіртіп қойды майлап.
Жас қайрат күндей қайнап, гүлдей жайнап,
«Жауым сен, мұнда кел!» деп шықты айғайлап
Тапшыл жас арыстанға кім шыдасын,
Дұшпаны қызыл қан боп қалды жайрап.
Жас қайрат күндей қайнап, гүлдей жайнап,
Кемірді білім тасып тісті қайрап,
Қол, тілдің екеуін де ұшқырлап ап,
Бұлбұлдай қанат қағып шықты сайрап.
Жас қайрат күндей қайнап, гүлдей жайнап,
Әлемді бұдан өзге түрге қоймақ.
Орнатып тегісшілік келешекке,
Ескінің шірігенін түгел жоймақ.
Жас қайрат күндей қайнап, гүлдей жайнап,
Қырандай алыс жолға қанат жаймақ,
Үш, қыран, қанатың тас, жүрегің от!
Ермеген орта жолда қалсын шайлап! 



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өлеңім

  • 0
  • 0

Мың тоғыз жүз бірінші жылы туып,
Мінекей отыз бесті жеттім қуып.
Отыз бес түгіл, сексен, тоқсан бесте
Жоламаймын деп «маған ажал жуық»

Толық

Бостандық

  • 0
  • 0

Бай, мырзаға басыңды иіп жалынып,
Төрелерге «құдайым» деп табынып,
Ақысыз, пұлсыз, бір аяқ асқа жұмыс қып,
Жүруші едің қысы-жазы сарылып.

Толық

Москва

  • 0
  • 0

Құстарға қызығушы ем бала кезде,
Көтеріле ұшқанда ол ілезде,
Деп ойлаушы ем, «шіркін-ай, дәл осындай,
Қос қанат көкті шарлар бітсе бізге!»

Толық

Қарап көріңіз