Өлең, жыр, ақындар

Жеңімпаз Қызыл Армия

  • 13.08.2021
  • 0
  • 0
  • 679
Киініп тоғыз қабат тон болаттан,
Жерден сел, көктен нөсер оқ боратқан,
Таудай өлік, теңіздей қан жұтса да
Тойынбай, көрінгенге тұра шапқан.
Ұяттан, ардан безген сұм құлқы үшін;
«Менімен теңдестірер,— деп,—кім күшін?»
Адамды, айуанды өсімдікті
Құртып, жұтпақ болған жер қыртысын.
Сөндірмек болған жұлдыз, күнді, айды,
Арманы: қараңғылық, елім, қайғы...
Илеген Европаны саз-балшықтай,
Фашистің жалын жүзі кімнен тайды?
Европа, мықтымсынған бейне түрдей,
Қайғылы болашағын ұқпай, білмей,
Секірген жоқ па жылан аузына кеп,
Су жүрек құрбақамен болып бірдей?
«Бұл беттен қарсылассаң қырар, сірә,
Қырар да, жерде жалғыз тұрар, сірә»
Деп қорқып ұстасуға шыдады ма,
Өзгені былай қойып, Франция?
Дандайсып қорқақтардан фашист-тажал,
«Кезекті өлкем осы шеңгел созар»
Деп біздің Ұлы Совет Отанына
Ұмтылған жоқ па өкпек болып тажал?
Ызасы біздің елдің дерткен жоқ па?
Қызу күш болат тонды ерткен жоқ па?
Тасқынын темірлердің жиырыла
Екпінмен кейін қарай серіпкен жоқ па?

Серіпкен жау мір оғындай ұшқан жоқ па?
Ұшқанда жалмағанын құсқан жоқ па?
Келгенмен арыстансып, біздің жерден
Көрді ме күн, қап тесер тышқан боп та?
Ін таппай кіретұғын қашқан жоқ па?
Бетінде қашқан қақпан басқан жоқ па?
Аяғын қақпан қапқан сұм тажалға,
Бауыры — ажал қойнын ашқан жоқ па?
Бауырының құшағына кірген жоқ па?
Есуас есірем деп бүлген жоқ па?
Кетпеуін бір фашистін, бізден тірі
Дүние бес саусақтай білген жоқ па?
Бұзылмай граниттей бар ұясы
Алып күш, жеңімпаздық тәрбиесі,
Емес пе тауды топтай қаққан бұл күш,
Советтің туған Қызыл Армиясы?
Көріне көміп жауды өзі қазған,
Жер шарын аршып батқан қанды саздан,
Біздің Қызыл Армия адамзатқа
Беретін мәңгі қоныс гүлді жаздан.

1942



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мұхтар Әуезовке

  • 0
  • 0

Ағасын, бойың пілдей, ойың гүлдей
Гүл бояуын, кілемге шеккен түрдей.
Сол гүліңді сұрапыл дауылдарда,
Қойған да жоқ, қыраулы салқын үрмей.

Толық

Н — Тысяча

  • 0
  • 0

Ал, кәне, ұш шарықтап, қиял құсым!
Қақсаң, қанат — қуатын «Н — Тысячам!»
Бұлтты желпіп, дауылды соңына ертіп,
Жетпей қонба Солтүстік жер полюсін!

Толық

Егделік туралы

  • 0
  • 0

Көңілім де, денем де жас деп жүріп,
Егде тартып қалыппын абайсызда:
Мысалы, — жас шағымда ызғар, мұзға
Ұйықтай қалсам оянғам бойым жылып.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер