Өлең, жыр, ақындар

Екі кездесу

  • 02.09.2021
  • 0
  • 0
  • 335
Тұрды қыз ойға батып жол үстінде,
Назарын аудармады ол ешкімге.
Басыңа түсті әлде бір қиындық,
Өмірдің ызғарымен көрістің бе?!
Жазықсыз әлде жапа көрдің бе екен,
Айналды ма тозаққа торғын мекен?!
Әлде бір сенген досың жер соқтырып,
Тірліктен түңілгендей болдың ба екен?!
Әлде бір сын үстінде сүріндің бе,
Әлде бір ұрындың ба қырын күнге?
Үміттің нәзік жібін үзіп алып,
Қараңға айналды ма күнің мүлде?...
Тұрдың сен әйтеуір ой құшағында
Әлде бір шерлі жанға ұқсадың да.
Кенет мен дегім келді тұра қалып:
«Ей, құрбым,
Бой алдырма құса-мұңға».
«Жүнжіме, — дегім келді — түңіліп құр,
Қарашы айналаңа үңіліп бір.
Бақыттың кемпірқосақ бояулары,
Өмірдің қабағында құбылып тұр.
Қалсын да бір мезетке талас-қайғы,
Оныңмен мұндағылар санаспайды.
Тұйықтық, оңашалық, ой қуғандық
Демалып жатқан жұртқа жараспайды».
Өзімді білмесем де мақұлдарын,
Дегім кеп жанына оның жақындадым.
Жеткізіп бұл өмірдің ғажаптарын,
Айтпақ ем тіршіліктің татымды әнін.
Жоқ жерден өзіме дәл, тауып құрбы
Алуға көңілім де ауып тұрды.
Көзінен оқимын ғой деп ем ойын,
Қап-қара көзілдірік жауып тұрды.
Қастары түйіліңкі құс қанатты,
Қолына қара таяқ ұстап апты.
Аңдаусыз түсіп кеткен шаш тарағы
Өзінен сәл қиыстау тұста жатты.
Күтпеген сезіп қалып сыр аңғарын,
Енді мен не дерімді біле алмадым.
Айтпақшы сөздер қашты быт-шыт болып,
Жеткізбей ортадағы сыңар қадым.
Кеудемді аянышты сезім керіп,
Аялай қолын алдым оның келіп.
Ол оқыс селк етті де...
Тыжырынды...
Тұрғандай адамның бір езін көріп.
Сөйтті де, артына кілт бұрып бетті,
Түрткіленіп ілгері жүріп кетті.
Ғаріпті өр қимылы осынау бір
Лезде биіктетті...
Қылықты етті...
Орынсыз аянышты ұятты ұғып,
Мен тұрдым көкейімнен күй аттырып.
Тәкаппар,
Өжет жүріс көрсетті оны
Менсінбей бара жатқан сияқты ғып...
* * *
Үңіліп тірлігінің әр қырына,
Курорттың жүрдік көз сап бар дуына,
Көпшілік би алаңға жиналамыз
Демалып жатқан жұрттың барлығы да.
Көпшілік бұл орынға әр күн асық,
Өйткені жастық көріп, жаңғырасың.
Би аяғы кейбірде жатады екен
Қосыла жастар салған әнге ұласып.
Тағы да осындай бір сәт кезінде
Отырдық бөленіп нұр, пәк сезімге.
Ортаға шыға берді кенет бір қыз,
Тамаша бір жарастық жатты өзінде.
Қарадық тамсанып, таңдай қағып -
Келбеті кім-кімді де арбайды анық.
Тұрды ол күлімсіреп қақ ортада
Топ-толық алтын шашын арқаға алып.
Адамның қарай қалды барлығы да,
Көрмекке ән еркесін сәнді, бұла.
Ол болса ешкімге де назар салмай
Қарайды тек алдына — Паңдығы ма!?
Халыққа оның осы күйі ұнапты,
Қазір-ақ сұлу сазға ұйымақ-ты.
Әсем қыз түн болса да,
Неге екен,
Қап-қара көзілдірік киіп апты.
Кеткендей таныс бейне елес беріп,
Білмеймін, сезім кейде неге өстеді.
Дал болдым,
Бұрын-соңды дәл осылай
Ештеңе шатыстырған емес мені...
Қасына домбыралы жігіт келіп:
«Қайсы әнді айтпақшысың?» — күліп деді.
Жараса қыз сөйледі оған сонда,
Мүжіді бір белгісіз күдік мені.
Сәлден соң түсті есіме менің бәрі,
Қуандым білмесем де тегін де әлі.
Сәлден соң Алатаудың аясында
Қазақтың асқақ сұлу керілді әні.
Дауысы сол сазбенен мың құбылып,
Жүректің нәзік сөзін тұрдым ұғып.
Осынау сүмбі талдай балғын жанды
Бар әлем қойғандай өз бұлбұлы ғып.
Жасты да кәріні де еліктіріп,
Шырқады ол көкіректі керіп тұрып.
Айбарлы Алатаудың өзі-дағы
Кеткендей сиқырланып, желік кіріп.
Күміс көл мөлтілдеді айдыны кең,
Асқар тау сүйіндірді айбынымен.
Шашы — түн, өзі сәуле сұлу қыздың
Ақ жүзі жарқылдады Ай нұрымен.
Кеудеге асыл сезім құйып демі
Ән салған әсем қыз шын сүйікті еді.
Өнерлі өрімталдай нәзік жанның
Аспандай мәртебесі биіктеді.
Өр сезім ән таратқан алып бойды
Ұмытқан бір мезетке ғаріпті ойлы.
Сүттей түн,
Алтын айдың астындағы
Сұлу қыз көкейімде қалып қойды.
Қайғыртар ауыр тағдыр,
Налытар да,
Бірақ сол тұсау жүрек, жаны тарға.
Болса да қанша кіді өмір жолы
Шынайы дархандықты арытар ма?!
Сезім де асқақ онда, талғам биік -
Түсіндім осыны жұрт қалғанда ұйып.
Соқыр қыз әлі күнгі елестейді
Тұрғандай жүректерге арман құйып...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Балдақты жігіт

  • 0
  • 0

Білемін, — жармасып,
Бір үміт, бір күдік, —
Келесің сен маған көзіңде сыр тұнып.
Үнсіз мен,

Толық

Жарығым-ау, алдыңда кінәлімін

  • 0
  • 0

Жарығым-ау, алдыңда кінәлімін –
Күмістей боп шықпаса бұлақ үнің,
Өзгертсе егер ажарын бұла күнің,
Шаттық деген сырт берсе шырақ-ұғым...

Толық

Бабаларға

  • 0
  • 0

Бабалардан қалған бәрі — ауа, Жер, су, тірлігім,
сыйлады олар сезім отын, жан, жүрек пен Күн нұрын.
Тарту еткен жарық дүние, он сегіз мың ғаламды,
маған бейне солар Жердің ұстап тұрған кіндігін.

Толық

Қарап көріңіз