Ұмыттым – Ақылбек Шаяхмет

Бұл бетте «Ұмыттым» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 18.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1576
Шыққан сайын түн түнегін түріп күн,
Бұл жалғанда сайран салып жүріппін.
Ұмытқам жоқ достарымның күлкісін,
Қастарымның табасын ше?
Ұмыттым.

Дәмін таттым ыстық пенен суықтың,
От пен суға түсіп әбден шынықтым.
Біреулерді қуантқаным есімде,
Кейбіреуді жылаттым ба?
Ұмыттым.

Ортасында күдік пенен үміттің,
Орналасқан ұмытшақтау жігітпін.
Сені, жаным, құлай сүйдім, алайда,
Ренжіткен кезім бар ма?
Ұмыттым.

Арасында тазалық пен былықтың,
Өмірдің де қасиетін шын ұқтым.
Жақсылықты өз басымнан өткергем,
Жамандықты тіршілікте көп көрген
Неге, неге, ұмыттым?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері