Өлең, жыр, ақындар

Жалғыз кемпір

  • 02.09.2021
  • 0
  • 0
  • 600
Әлде жұрт көре тұра бұрмалай ма? —
«Жалғыз кемпір» дейді оны бұл маңайда.
Жарандар-ау,
Күрсінген көк теңіз де,
Күні жетсе бітпей ме, құрғамай ма?!
Оған неге кінәлап,
Ат тағамыз,
Түк көріп,
Білмегендей баптанамыз.
Онда жоқ-ты өзгеден ерек тағдыр,
Білмесеңіз айтайын,
Жаттап аңыз...
«Толастаса бір-ақ сәт, О да тыным!»
Дегізетін от күндер болатұғын.
Одан бұрын білді ғой деймісің жұрт,
Қайғы-шерге көкірек толатынын?!
Оқ ысқырып,
Жаңбырдай сіркіреді.
Көз жасы да көл болып кілкіп еді.
Белді бекем буынып,
Қан майданға,
Кетіп жатты,
Әр үйдің бір тірегі.
Тағдыр да жомарт екен жазаға тым,
Тақтырды қиын күнге азап атын.
Қыршыннан қиып жатты соғыс талай,
Елінің аттандырған азаматын.
Басқатұғын бұл кемпір онда, тіпті,
Сол күндер оған қатал қол қатыпты.
Жалғыздықты жарынан ескерткіш қып,
Басына оның сол соғыс ораныпты.
Аттандырып тағы да жалғыз ұлын,
Алдан күтті өмірдің нәр қызылын.
Ақырында бір өзі қалды солай,
Елі үшін құрбан ғып бар қызығын.
Орны толмас зор күйік бүгілдіріп,
Кетіп еді дүние түңілдіріп.
Сонда да,
Тек сөнбеді жалғыз ғана,
Жылтыраған көңілдің түбінде үміт.
Сөнбеді тек...
Сол үміт үзілмеді,
Тайсалмады өр қайрат жүзіндегі.
«Өткіземін осылай күтуменен,
өмірімнің қысын да, күзін!» — деді...
Жылдар жылжып,
Қартайды, бел бүгіліп,
Алдамшы еді,
Бос еді ендігі үміт.
Сонда да ол жолға ұзақ тесілетін,
Болған еді бұл оған құдды ғұрып.
«Жалғыз кемпір» деп жұрттың қойған атын,
Ести жүріп,
Ол кейде ойланатын.
Қыршын кеткен ұлының үйленуі,
Көңілінде сан қайта тойланатын.
Дырдуменен өзі де бірге елігіп,
Отыратын ұзақ күн сыр кеміріп.
Осынау бір кішкене үміт оны,
Кететін-ді еңселі, іргелі қып.
От көңілді арманға өпкізіп мың,
Елең етпей ол басқа көп қызықты,
Сүйген жар мен бауыр ет балапанын
Күтуменен өмірін өткізіпті...
Қазір, иә,
Үйінде қалмапты адам.
Бар ма біреу себебін салмақтаған?!
«Жалғыз» деген жадау ат лайық па енді? —
Ана ғой ол,
Бәріміз ардақтаған!!!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өлең

  • 0
  • 0

Жылт еткен сәуле, жарқын ой
жүгіріп бастан өтсе eгep—
өлеңнің ол бір шарты ғой,
жетпеген оған жоқ шебер.

Толық

Үйлену тойындағы көңілсіз ой

  • 0
  • 0

Жол бойына келсе адам қосақ тауып, жұптасып,
татып көрсем әрнені деп болады тіпті асық.
Кететіндей көрінер сара жолға түсіп ап,
жасыл белмен жарысып, қатарласып нық басып.

Толық

Айтқанымды түзейсің сөйлеп менің

  • 0
  • 0

Айтқанымды түзейсің сөйлеп менің,
Өзгереді кей шақта ойға еккенім.
Ашуымды басасың орынсыз деп,
Сыймай қалды былтырғы көйлектерің...

Толық

Қарап көріңіз