Құстарым – Нұрбек Нұржанұлы

Бұл бетте «Құстарым» атты Нұрбек Нұржанұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құстарым,
жандарым,
қош келдіңдер!
Сендерді қалай күткенімді білсеңдер ғой;
Әр сәт сайын
мағына берем деп уақытқа сүрініп жүріп –
көкке қарауым,
кеңістікті толтырған қауырсындардың қағысын іздеуім,
сарыла күтуім әдетіме айналды.
Соның арқасында
небір кереметтерді көк жүзінен байқадым,
өзімді де тани бастағанымды жоққа шығара алмаймын.
«Мен кіммін?» – дейтін ем
бұтаның жатырына біткен бүр туа бастағанда;
Сонда ғана өзімнің адам кейпіндегі құс екенімді аңғардым.
Мен де ұшуға құмартып,
«Жылы жаққа» асығамын.
Ием бақшасын безендіру үшін шыбық ұшына қонақтап,
Егемнің Атын қайталаумен күндіз-түні сайрағым келеді...
Ажал-бала тас лақтырады деп қорықпаймын да.
Түсімде қанат қаққан күйі қалғып,
мәңгілікте құс боп оянып кетуім де мүмкін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері