Қара моншақ сияларын тастап түн – Нұрбек Нұржанұлы

Бұл бетте «Қара моншақ сияларын тастап түн» атты Нұрбек Нұржанұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

қара моншақ сияларын тастап түн
кірпігіме,
мен кешеден бос қайттым.
Жанарымнан бөтелкелер домалап,
Сынып жатты маңдайында асфальттың.

Бұлтты тарап ағаштардың тарағы,
Қаламымнан ғұмырларым ағады.
Жанарымнан қанаттары шыланған,
Көгершіндер көкке ұшып барады...

Шәйін ұрттап керім ару Гүзелдің,
Саусақтарым тиіп кетсе үзем мұң.
Күз сыртыңда мен тіріліп кеттім де,
Ал ішімде күз өлдің...

Жасырдым не, көтеріп ап жағамды?
Іздедім не, құшақтап ап ғаламды?
Пенделерді киіп алған ағаштар,
Темекілер шегіп жатқан адамды...

Қабағымнан күндер өшіп, көшіп түн,
Аспаныңа асқақ арман кешіктім.
Қара пальтом қарғаларға айналып,
Ұшып кетті күмбезіне мешіттің...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері