Мен бейбақ – Нұрбек Нұржанұлы

Бұл бетте «Мен бейбақ» атты Нұрбек Нұржанұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен бейбақ
жұлдыздарды сұлу жанарындағы жаста жиі көретінмін,
мөлдір жұлдыздарын кірпігінен сүртіп, құрғататынмын...
жұбататынмын солай...
Сонда да бітпестей көп еді қарашығындағы дымқыл жұлдыздар...
Мен жұбатудан жалықпас ем, ол сырт айналмағанда егер...
Ал қазір түн баласы қоңыр ойдамын,
Қаперімдегі өткенімнің үзік-үзік әдемі сәттерін үзіп алып,
өзімше бақыт құрап отырғаным...

Ойда жоқта түн жылады...
Ол неге жылады?
Мүмкін түн – сол керімнің қарашығы,
самсаған жұлдыздар – көз жасы шығар деп ойладым;
Баяғыдай жұбатармын деп,
саусақтарымды көкке созып көз жасын сүртуге ұмтылғаным сол,
ескідегідей қолым жете қоймады.
Сонда, сұлудың менен алыстап,
жұлдыздары аспанға тамып кеткенін аңғардым...
Дымқыл жұлдыздар жарығында
жанарыңа қарап тұрған бейбақпын...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері