Өлең, жыр, ақындар

Үйлену тойындағы көңілсіз ой

  • 02.09.2021
  • 0
  • 0
  • 540
Жол бойына келсе адам қосақ тауып, жұптасып,
татып көрсем әрнені деп болады тіпті асық.
Кететіндей көрінер сара жолға түсіп ап,
жасыл белмен жарысып, қатарласып нық басып.
Үлкен жолдың бойына келіп тұрсаң ұмытпа,
жел қуған тай емессің, ілінгенің құрыққа.
Тулай алмай тар жерде көндігерсің көп жайға,
бұйырғанын ішіп-жеп тәтті емес пе, тұнық пa?
Жол болған соң шөлдейсің кей тұстарда қаталап,
қиыршық тас бір жерде табаныңа батады-ақ,
Төзім бітіп бір күні сүлдең құрыр, кім білсін,
жер тырмалап, ойбайлап, жылағың кеп жата қап.
Өзі ұзақ жол болса таусыла ма жыры оның,
қалып қою бірақ тa өзгелерден тірі өлім...
Азып-тозып ілбиді көштен қалмай біреулер,
жүгіреді біреулер қолына алып жүрегін.
"Дуылымен алмасар көктемдегі торғын күн,
рахаты емес тек қана, азабы бар жолдың бұл.
Жүрген сайын ілгері қарайлайсың артыңа,
балғын шағың жаныңа ыстық тартып солғұрлым.
Шағасында бұл жолдың жатпаса да мәңгі қар,
қалтыратып кей жерде жылуына зар қылар,
Тұтып қалған ішіңді кей түтінге тұншығып,
жанталасқан айғайдан жан дауысың қарлығар.
Тіршіліктің шыққан соң жайдақ мініп күреңін;
Таусылмайды-ау тіпті де...
таусылмайды жыры оның.
Ақ бояуын жағады жағаласып самайға
қатпар-қатпар терімен шимай болып гүл өңің.
Ештеңе де ұнамай, кей шақтарда бәрі ұнап,
сәл нәрсеге ренжіп, сәл нәрсеге жадырап,
жүрген шақта құзға әкеп құлатқанша тоқтамас
қу тіршілік қиралаң арбасына салып ап...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Орын аға

  • 0
  • 0

Орын аға орнын тапқан өнерден,
өнерімен өсіп-өніп, көгерген.
Күймен бірге күмбірлесе ол егер
көзін алмай қол соғады көрермен.

Толық

Газет мақаласынан

  • 0
  • 0

Осы ма еді, жарандар-ау, жасқа үлгің,
қай түрі еді әдеп пенен дәстүрдің?!
Қалай түстің екен, әттең, қарғам-ай,
апанына қара ниет қасқырдың?!

Толық

Түс

  • 0
  • 0

Сұлулықтан келбеті сыр ұқтырған,
жап-жасыл бақ жемісі тұнып тұрған.
Жаз самалы тербейді жапырақты,
күй сұрашы дегендей қылыштымнан...

Толық

Қарап көріңіз