Мінез - маусымы – Мерей Қартов

Бұл бетте «Мінез - маусымы» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 738
Сүмбіл шаш теректер ақүрпек,
мамығын маусымға ұшырар.
Жапырақ мінезін сәл үркек,
кеудемде ұғатын кісі бар.

Санамнан ұшырған әр күні,
құсқа да айналар өз-ойым,
Көбелек қанаты арқылы,
жадыма көшірдім жаз айын.

Ақ нөсер – тәтті күй, ғажабым,
сіңірді мөлдір мұң қаныма.
Аралар гүлдердің тозаңын,
жинайды ақыл-ес бағыма!

Ызыңы мұңдылау көк шыбын
Көңілдің қылына қонады.
Жанымның жұбатып өксігін,
жұлдызды үмітім жанады!

Кербез Ай көркінен толқыдым.
Көкейде қауызын гүл ашты.
Кешегі құралай салқыным
қып-қызыл аптапқа ұласты...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері