Жер тарпыса, желқанат күрең дөнен – Мерей Қартов

Бұл бетте «Жер тарпыса, желқанат күрең дөнен» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 616
Жер тарпыса, желқанат күрең дөнен,
Тағылығым ұстайды, тарпаңдығым.
Құлағынан басып ап, жүгендеп ем,
Құрысынан жазылды арқам бүгін.

Күлік мініп, қосылдым қиқуға сан,
Ғажап сонда әуеден күй тыңдасаң!..
Түнде жұлдыз түрткілеп кірпігіммен,
Тасбұлақтан сусындап ұйқымды ашам.

Гүл иіскеймін.
Иісі – тәтті мұңды,.
Жылқышы-құс естіртер пәктік үнді.
Ай астында арланға шалма тастап,
Ат үстінде басамын аптығымды.

У-шуына еліріп бөрілердің,
Бұ маңайда дәл мендей желігер кім!
«Дүние-ай!..» деп жатқанда аһ ұрып бір,
Желкесінен Доланның көрінер Күн!

Күн самалы менің де тынысым ба?!..
Қызғанбаспын өзгенің ырысын да.
Туған Жердің, өлеңмен өмір кешем,
Әлемнен де жарық бір бұрышында!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері