Көкжалдың күрсінісі – Мерей Қартов

Бұл бетте «Көкжалдың күрсінісі» атты Мерей Қартов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.09.2021
  • 0
  • 0
  • 720
Көкірек-көзбен Көкке өрлеп,
Айға азу биледім.
Бүлкек желіп, бөктерлеп,
Жол ұшында түнедім.

Жортып жүрмін ұзақ күн.
Жауға толы маңайым.
Тағдырымдағы тұзақтың,
Талқандадым талайын.

Садаға деп қақпанға,
Сирағымды қалдырдым.
Апаныма ақпанда,
Маңырақ жанын алдырдым.

Сорым қалың, бес елі.
Бек қорғаным – тау, далам.
Жапалақтап кешегі
жауған қар да – жау, маған.

Бұраң жолға бір қарап,
“О, Тәңір!...”-деп, аһ, ұрғам.
Ажал-оқтай жылдам-ақ,
Оқпанынан атылған.

Өзіме өзім қырсығып,
Жаным толған тағы шер.
О, тасбауыр тіршілік,
Ал, қайсымыз қанішер?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері