Алмасы да албыраған қалада – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Алмасы да албыраған қалада» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 626
Жылжып емес, жылдар зулап бара ма?
Өшпейтіндей із қалдырып санаға.
Келдің несін сезіміңді өртке орап,
Алмасы да албыраған қалаға?

Шырақтармен сəлемдесіп жұлдыздар,
Үкідейін үлбірейтін гүл қыздар.
Бізден биік жандар мұнда тұрған деп,
Асқақтығын жасыратын шың құздар.

Есеңгіреп ұзақ жауған жаңбырдан,
Жанды ұмытып көңілімді қалдырған.
Алмасы да албыраған қалада,
Несін ғана шықтым екен алдынан?!

Қызыл көйлек сақта мені желіктен,
Ессіз желмен бұрын ойнап көріппе ең?
Арыстанның дəтін сезген алапат,
Тағдырым бір жалбарынған елікпен.

Аяладың, қонған еді солай бақ,
Аттанғансың қайта-қайта қарайлап.
Алма пысты, түсті жерге, ал менің,
Жүзім əлі албырайды сені ойлап….


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері