Қиялымды қайтейін – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Қиялымды қайтейін» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 590
Қиялымды қайтейін көз ілмеген,
Сая таппай еш жерден безілдеген.
Қалай ғана кеткенсің біте қайнап,
Қуанышты, қайғылы кезімменен.

Келгенде жанға жайлы жасыл көктем,
Майда самал өзің боп шашымды өпкен.
Ақ жаңбыры көктемнің сіркірейді,
Үнсіз төгіп тұрғандай жасыңды еппен.

Сенсіз солып қалардай гүл сабағы,
Тыншу өмір жанымды тұмшалады.
Мөлдіреген тамшылар діріл қағып,
Тереземнен өзің боп мұң шағады.

Арманымдай бұлдырап дала жатты,
Көкіректе мұңлы күй,нала қапты.
Қара таудың үстінен қызарып күн,
Өзің болып қоштасып бара жатты…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері