Долданып жататын ағып – Тоқтарәлі Таңжарық

Бұл бетте «Долданып жататын ағып» атты Тоқтарәлі Таңжарық жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.09.2021
  • 0
  • 0
  • 618
Долданып жататын ағып,
Теңіз һәм құлазыған жаға.
Қолына шақпақ тас алып,
Ең алғаш от жаққан ана.

Сонан соң күркіреп аспан,
Жасыннан жаңғырған аңғар.
Көз жасын көгілдір тасқа,
Ойып бір жазатын жандар.

Жерұйық туралы ұғым –
Мәңгілік ғұмырға сапар.
Көру де тым қиын мұны,
Сызылып таң қазір атар.

Қобыздың зарлы үнін ішкен…
Қазулы бұл кімнің көрі?
…Шұбалған шытырман түстер,
Сен қайда апарасың мені?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері