Жүрмедім жыр күнделік жазып күнде – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жүрмедім жыр күнделік жазып күнде» атты Қанипа Бұғыбаева жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 891
Жүрмедім жыр күнделік жазып күнде,
Жүдеймін сәл нәрсеге азып бірде.
Баладай болмашыға өкпелеймін,
Білмеймін, сенгішпін бе, нәзікпін бе?
Өмірім бір бұтаққа ілінгендей,
Тіліне жүрегімнің тілім келмей,
Біреудің бір сөзіне қуанам кеп
Қайтадан қайтқан анам тірілгендей...
Сыртымнан «жаман» десін ұнатпаған,
Жалаңаш беріліпті жүрек маған.
Күлем де сәл нәрсеге күн шыққандай,
Бұлттанып сәл нәрсеге жылап қалам.
Ешкімге жалған күліп, жалынбаймын,
Ауырып, сәл нәрсеге ауырлаймын.
Болар бұл осалдығым, бәрін-бәрін
Баланың көңілімен қабылдаймын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері