Ашу-ыза араласып кекпенен – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Ашу-ыза араласып кекпенен» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 768
Ашу-ыза араласып кекпенен,
Қайрақ – кеудем қайрап жатыр отты өлең.
Боталы бұлт желпілдетіп шудасын,
Керуен тартып бара жатыр көкпенен.
Қайың–қыздар қарайды үнсіз сыр бағып,
Жазғы жаңбыр моншақтарын сырға ғып.
Ескен желдің ырғағымен шайқалып,
Жапырақтар жүз қоңырау тұр қағып.
Қоңырауға құстар әні жалғасқан,
Көңіл күй де ауа райдай алмасқан.
Көптен бергі кірлеген жер сәбиді
Нөсеріне шомылдырып алды аспан.
Қалды демде шөлі қанып даламның,
Жасыменен жуған аспан жанардың.
Туыстырып жаратқандай жаратқан
Табиғат пен табиғатын адамның.
Дала жұтып бозторғайдың сырлы үнін,
Жерге сеуіп кетті жаңбыр тірлігін.
Шексіздікті айналуда уақыт,
Жылатумен, жұбатумен бір-бірін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері