Тас түрмеде

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 16.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1093
Тырнағыма қадаса да инесін,
Білсін тағдыр өнер басын имесін.
Өлсе өлер Файзолла ақын түрмеде,
Бірақ өлең өмір кебін кимесін.

Көре алмадым күннің жарық сәулесін,
Көрдім бірақ бейнет-азап әуресін.
Тас түрмеде ұзақ жылдар отыру,
Кім-кімнің де кетірер-ақ тәубесін.

Тағдыр солай жазған екен шара жоқ,
Әттең, әттең, қас-дұшпанға таба боп.
Жатқандығым жанға батып жазықсыз,
Жүрегімде алай-дүлей жанады от.

Тоқтатамын өзімді-өзім сабырмен,
Өткен күнді ескерместен жәбірмен.
– Уа, Файзолла, тәуекел де Аллаға,
Жан болып сен жаралғанда қадірлі ең.

Түрме болып кете берсе тұрағың,
Арман, мақсат орындалмас мұратың.
Ғазиз басқа болар ма екен бостандық,
Сахарада кеңес-дүкен құратын.

«Жазмыштан озмыш жоқ» десек те,
Өкініште, қаласың көп есепке.
Ақиқат пен ақ ісіңді теріс деу,
Адамдықты айналдыру есекке.

Айран шындық, жеңуің хақ түбінде,
Сол үшін сен, уа, Файзолла, бүгілме.
Алма-төкпе бұл дүрбелең ақтаңдақ,
Жол ашқан шақ өсек-аяң, күбірге.

Ахаңнан да бейхабар боп отырмын,
Көкірек – от, көңіл – тұман, соқырмын.
Айран аға – ғұламасы қазақтың,
Тамызығы өлең – жалын, отымның.

Ақ оралып, жүйрік озар күн келер,
Сіз бен бізді тірі болып кім көрер?!
Әттең сол күн сөйлер ме едің Ахмет,
Ар алдында адалдыққа күн берер.

Адамды сен табар едің, ғұламам,
Тура жолмен қайда жүрсең жүр аман.
Ей, тіршілік!
Ар мен Ахаң беттессін,
Басқа тілек етсем де өліп сұраман.

1928 жыл. Қостанай түрмесі


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Тас түрмеде өлеңінің авторы кім?

Файзолла Сатыбалдыұлы — осы өлеңнің авторы.

Тас түрмеде өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Тас түрмеде өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Файзолла Сатыбалдыұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Тас түрмеде өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері