Алаңсыз саған сеніп ем – Серік Тұрғынбеков

Бұл бетте «Алаңсыз саған сеніп ем» атты Серік Тұрғынбеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 17.09.2021
  • 0
  • 0
  • 597
Алаңсыз саған сеніп ем,
Айдағаныңа көніп ем...
Алмадың дедің айтқанды,
Жүрмедің дедің жөнімен –
Осылай ма едің... ей, Өмір!
Жақсыға жала жаптырдың,
Жан-жақтан қамалаттырдың.
Тажал жандарды құтыртып,
Адал жандарды аттырдың –
Осылай ма едің... ей, Өмір!
Қайнады қаным қастыққа,
Тимеді басым жастыққа.
Аша тұяқ қалдырмай,
Апарып салдың аштыққа –
Осылай ма едің... ей, Өмір!
Жаялық қылып жанымды,
Аямай алақанымды,
Қолпаштап талай соқсам да,
Жазықсыз жала жабылды –
Осылай ма едің... ей, Өмір!
Бүлдіріп алдым әнімді,
Жоғалтып алдым сәнімді.
Оспадар қолдың қамшысы
Осып бір өтті тәнімді –
Осылай ма едің... ей, Өмір!
Боядым жасқа бетімді,
Қылышым тасқа кетілді.
Талай жыл жиып бергенім
Далаға кеткен секілді –
Осылай ма едің... ей, Өмір!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері