Өлең, жыр, ақындар

Емес олар

  • 18.09.2021
  • 0
  • 0
  • 433
Емес олар
Жаудан бұғып жасқанған,
Ана биік асқар таудан, аспаннан.
Бұл Әлемнің Жаратылыс жарығы
Әйелдерден – Аналардан басталған.
Тарихтың қатпар-қатпар сыры мың,
Сала алмайды тағдыр оған құрығын.
Даналарды Дүниеге келтіріп,
Сепкен олар Ұлылықтың ұрығын.
Қалыбына қарасаң да қай елдің,
Әйелдерсіз белгілі ғой жайы Ердің.
Бақытыма – жақұтыма жаралған,
Әйел – ана,
Әйел – ару,
Әйел – гүл.
Әйел – ару!
Қажет жерде – ержүрек.
Қам жасайды қалмасын деп ел жүдеп.
Тіпті бар ғой Елбасының өзі де
Ару десе кететіндей елжіреп.
Ару десем – Ай нұрланып. Күн күлер,
Ару десем – долы дауыл, тынды жел.
Әйел жаны – нұрлы дүние, сырлы әлем,
Іштерінде не жатқанын кім білер?!
Аруларды мақтамайды бекер жұрт,
Шалқып жаны – жүрегінен от өріп.
Өлейін деп жатқан шалдың өзі де
Қыз дегенде алған басын көтеріп.
Қарай білсең аруларға қызыға,
Еріп кетер құзар таудың мұзы да.
Қайран Жәкем тақағанда тоқсанға,
Ғашық бопты грузиннің қызына.
Әйел жаны – алтын сарай ғажайып,
Ғажайыпты түсінбеудің өзі айып!
Ей, еркектер!
Бара жатқан жоқ па осы
Сексенбайлар, Тоқсанбайлар азайып?!
Оң жағынан туса болды Айы сәл,
Өз жағдайын жасауға тек ойысар,
Бұрынғыдан келе жатқан сөз бар ғой,
Не істейтіні – біздің қазақ байыса...
Байтақ далам,
Асқар тауым гүлдесін,
Бекітейік Еліміздің іргесін.
Елдің, жердің жасап алмай жағдайын,
«Тоқал алған несі екен?!» – деп жүрмесін.
Алдыменен «отауыңды сайлап ал!»...
Содан кейін көңіл шіркін жайланар.
Аталардың айтқанына мән берсек,
Әңгіме көп толғанар да ойланар.
Аман сақтап дұшпан атқан сан оқтан,
Аруларды жарылқай гөр, жаратқан!
Батырларға бас идіріп Арулар,
Қатал деген ханның өзін қаратқан.
Алдымыздан туа берсін жақсы күн,
Осы менің ақ көңілім, нақ сырым.
Ұл өсірген, қыз өсірген Анаға
Мейірімін түсіре көр Басшының.
Ей, Арулар!
Нұрға толы жүрегі,
Айтса болды – орындалған тілегі
Өздеріңді сүйікті ете білсеңдер –
Ел де сені Биіктете біледі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ескі жұрт

  • 0
  • 0

Ағайын берген
арғымақ болар астында,
Алқына шауып,
ақ адырлардан астың ба?!

Толық

Зілзалаға жыр-нала

  • 0
  • 0

Таулы мекен, гүл дала,
Жарасатын тұлғаңа.
Көз тоймайтын көркіңді
Жеткізе алар тіл ғана.

Толық

Қош, қайран Кеңшілігім!

  • 0
  • 0

Атыңнан да көрініп тұр кеңдігің,
Ақын едің,
Ең талантты, ең мығым.
Көз нұрымен, сөз – жырымен қарық қып,

Толық

Қарап көріңіз