Өлең, жыр, ақындар

Қоңыратқа барғанда

  • 20.09.2021
  • 0
  • 0
  • 758
Қоңыратқа* барғанда,
Алуан түрлі күй кешкем.
Қоңыр салқын самалы,
Көңіл күймен үйлескен.
Қобалжыған көргенде,
Қоңыр қызға тиместен,
Ерні түгіл, ақ бетінен сүйместен.
Кете барғам, бір ауыз сөз айтпастан,
Ұзай бергем, алыстағам қайтпастан.
Ана зират бабалардың бейіті-ау,
Шапқан жаумен шегінбестен шайқасқан.
Жылға налып текке өткен,
Ай, Қоңырат ана жылы кеп кеткен.
Небір түрін көрген қорлау мазақтың,
Қоңыратынан шыққан ақын қазақтың.
Бүгін маған неге бұлай бөтенсің,
Мен секілді сенде мұңлы екенсің.
Ғасырлардың қатпарында қап қойған.
Күні кеше айбыны асқан ай дидарлы халқымнан,
Ағайыны ап қойған.
Сағым орап мұнарланған Маңғыстау,
Шығардың ба, сол бір қанды шақты ойдан.
Беу, Қоңырат қаласы,
Мен бір шерлі шайырмын,
қатарынан қап қойған.
Қалың ойлар жүргізбейді құрсаулап,
Мен секілді жалғызсырап тұрса-ау бақ.
Қоңыраттың кезгем қайран қаласын,
Көшесінен мұң саулап.
Уақыт шіркін ала құйын аунаған,
Жаңбыр көрдім сәл тамшылап жаумаған.
Бала көрдім жетектеген анасы,
Ауылдағы сәбилерден аумаған.
Құлағыма сарын келді, күйші кім?
Жар басына жалғыз салған үйшігін.
Тарих бүгін түк айтпайды, бірақта,
"Сенің қалаң" – дейді маған түйсігім.
Күндіз-түні сауық-сайран құрғызған,
Жыр сыйлаған аспандағы жұлдыздан.
Ана құмда сүтпен илеп жауының,
Сүйегінен ғимараттар тұрғызған.
Терең етіп қазғанымен көрлерін,
Еске салған ата-баба жерлерін.
"Мына ездерді кім туған" – деп жабырқап,
Қабырғадан қарап тұр ма, ерлерім?
Жабырқама, қабағыңды аш арайлым,
Сырын айтшы, мынау сесті сарайдың.
Адамдарды тірідейін қалаған,
Дуалдарға үрейлене қараймын.
Бейбақтардың іште кеткен наласын,
Жырым алып қай ғасырға барасың.
Қайғым аздай айдалада қалған сол,
Неге іздедім Қоңыраттың қаласын.
Жұлқылаған заманалар, дауылдар,
Төңірегі толған көркем ауылдар.
Тілі менен ділі бірдей қазақпен,
Басқа ұлт боп кеткен бүгін бауырлар.
Қиялым бар қияларға қалықтар,
Зиялым бар ойларымды парықтар.
Баласы едік баяғыда бір шалдың,
Түрлі-түрлі болып кеткен халықтар.
...Самал соқты Бейнеу жақтан аңырап,
Бір кездегі біздің Қарашаңырақ.
Қимай кеттім арт жағыма қарайлап,
Қып қызыл боп атқан алтын таңы ұнап.
Жалғыз жортқан жолаушы едім жалғанда,
Жалғыздардан жалаулы сөз қалған ба?
Бұл дүниеде жете алмадым,
кеттім мен,
Қоңыраттың қаласындай арманда.
Көкірегімде аңырады бір мұңым,
Қаңырады, таңы ұнады жүр гүлім.
"Тоқсан баулы Қоңыраттың" күйіндей,
Шерлі шаһар еске түсіп тұр бүгін.

* Қарақалпақстандағы қала аты



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Төрт қақпалы Түркістанға тағзым

  • 0
  • 0

Аласапыран жылдарды,
басыңнан талай кешiрдiң,
Қаншама шаңды жорықты,
санадан сызып өшiрдiң.

Толық

Шулаған ауыл

  • 0
  • 0

Шулаған ауыл,
шыққанда жырым алғашқы,
Мазақ қып бәрi қызарып кеткен Қарғашты.
Отызға толдым,

Толық

Ұзармыз біз қос нүктеге айналып

  • 0
  • 0

Ұға алмасам жүрегіңнің жарасын,
Сезім менен махаббаттың арасын.
Шатастырып алған болсақ нетерміз,
Екі жаққа бөлек-бөлек кетерміз.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер