Өлең, жыр, ақындар

Дүние

  • 21.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1487
Дүние қызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың,
Топырақ жүзiн жасырды.
Өткiзiп қилы ғасырды,
Ырысым жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды.
Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым.
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды саңлағым.
Семей де болып сенделдiм,
Ертiс те болып емделдiм.
Қасiретiңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдiм.
Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын.
Төрiме деп жұмақтың,
Дүние сенi ұнаттым.
Асан қайғыны зарлатып,
Йасауиды жылаттың.
Кесiле жаздап тiлiмде
Үзiле жаздап дiлiмде.
Қиямет-қайым жолдармен,
Тұралап жеттiм бүгiнге.
Тағдырдың шәлкес сұрағы,
Көңiлде күй боп тұр әлi.
Бөлiнiп қалған даламнан,
Бейiттер үнсiз жылады.
Дүние-ай, сенi нетермiн,
Мендағы бiр күн өтермiн.
Керуен де керуен ұзаған,
Бабаларыма жетермiн.
Дүние-ай, сенi нетермiн,
Көз жұмар мәңгi жетер күн.
Сайын да сайын даламды,
Кiмдерге тастап кетермiн.
Жүрегiн жаудың қақ тiлген,
Алшайтып тұрып ат мiнген.
Қазақ деп мұңға баттым мен,
Қазақ деп жылап жаттым мен.
Көзiмде мұңның табы бар,
Ернiмде шөлдiң зары бар.
Жетiм ботадай боздадым.
Сөз ұғар бiреу табылар.
Алдыма түстi-ау жабылар,
Жабылардан да жалығар.
«Қазақтың зарын айтты-ау» – деп,
Менi де жоқтар, сағынар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алдан бала

  • 0
  • 0

Ал-д-а-а-н!
Ал-д-а-а-н!
Дауыс шықса осылай Алдандаған,
Алаңсыз бiр ойнауды армандаған.

Толық

Тәуелсіздік немесе Нәзiр Төреқұлов жайлы жыр

  • 0
  • 0

Ар жағында анау мұңлы адырдың,
Қатар жатыр бабалары Нәзiрдiң.
Он үшiнде топты жарып сөз сөйлеп,
Он бесiнде атқа мiнген қадiрлiм.

Толық

Тұлпар

  • 0
  • 0

Жер тарпып тұрды түсiмде тектi жануар,
Туған топырақ көрпемiз түбi жамылар.
Келiнтөбе мен Қарашық жақта кешкi үйде,
Екi қыз, бәлкiм,

Толық

Басқа да жазбалар