Сырғып қайда барасың, сырлы айларым – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Сырғып қайда барасың, сырлы айларым» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 962
Сырғып қайда барасың, сырлы айларым,
Сырлы айларым –
Сыңсыған сырнайларым.
Мәрмәрларым, менен де кеттіңдер ме,
Мына сандық кеудеме сыймай бәрің?
Сырнайларым сыңсыған –
Сырлы айларым.
Судан тұнық, сүттен ақ мөлдіреген,
Сендер едің өрімдей өндір өлең.
Үндеріңді өгейсіп өтемін-ау,
Тоным тозып, кездерде мен жүдеген.
Тәтті күндер, қоштасып қаласыңдар,
Бал айларым, бұлақтай ағасыңдар.
Бұла қырда ойнаған ор түлкідей,
Бұлаң қағып қай жаққа барасыңдар?
Айдың нұрын толтырып кесемізге,
Айдай ару сүйіп ек кеше біз де.
Ақ тотыдай айларым, шыныменен
Ат кекілін кесісіп кетеміз бе?..
Сырғып қайда барасың, сырлы айларым,
Сырлы айларым –
Сыңсыған сырнайларым.
Мәрмәрларым, менен де кеттіңдер ме,
Мына сандық кеудеме сыймай бәрің?
Сырнайларым сыңсыған –
Сырлы айларым!..

1971


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері