Тауға қарай көшті бұлт – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Тауға қарай көшті бұлт» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 776
Тауға қарай көшті бұлт,
Тазартып аспан айнасын.
Қоюлай түсті кешкі ымырт,
Керді де көкте ай қасын.
Сыңғырлап күміс сырғасы,
Сыңсиды баяу тал-қайың.
Құрбақа – кештің сырласы,
Таңдана қақты таңдайын.
Ауылдың маңы жадырап,
Жаннатқа кешкі енесің.
Қозы-лақ тапты жамырап,
Өрістен қайтқан енесін.
Желіден босап жас құлын,
Желпіне шапты ойнақтай.
Жалындай шықты жастық үн
Ернінен қыздың оймақтай.
Қарайып қырат-белдерге
Қаптады қалың жылқылар.
Елеңдеп құр ат белдеуде,
Үйірін іздеп жұлқынар.
Көрінбей күрең кереге,
Көлеңке тартып үй тұрды.
Алыстан қонақ келе ме,
Абалап, әне, ит үрді.

1973-1974


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері