Өлең, жыр, ақындар

Махаббат және қос тораңғы туралы жыр

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 381
(баллада)

Кететұғын адам жанын жаралап
аңыз ғой бұл елдi жүрген аралап...
Баяғыда, ерте кезде
екi жас
бiр-бiрiне ғашық бопты ғаламат.
Жер сияқты сүйетұғын күн нұрын,
орман-сынды сүйетұғын бұлбұлын,
ел сияқты сүйетұғын күй-жырын
сүйген екен сол екi жас бiр-бiрiн.
Жүрiптi олар арман жолын қатар сап,
жүрiптi олар елден, жерден бата аңсап.
Бiрақ, бiрақ айырыпты екеуiн
қатал өкiм,
қатал тағдыр,
қатал шақ.
Қаталдықты шығып кеткен шегiнен
ойлағанда қабырғаң да сөгiлер...
Ақырында таң алдында табысып
қашып шығып кетiптi олар елiнен.
Қарамастан оңы менен солына
кетiптi олар –
бағы ма әлде соры ма! –
Көп ұзамай дүрлiгiп ел
сол бойда
қуғыншылар шығарыпты соңына...
Екi жасты кеткен талай алдырмай,
қуыпты олар бiр сәт атын шалдырмай.
iздептi ғой неше күн мен неше түн
жықпыл-қуыс,
тау-жартасты қалдырмай.
Iздер кесiп әр бiр қырат, белiнен,
иiс тартып аңғарлардың желiнен
түсiптi ғой екеуiнiң үстiнен
құшақтасып ұйықтап жатқан жерiнен.
Көзден таса бiр қуыстың етегi
болған екен екi жастың мекенi.
Көк пен жердей құшақтасқан айқасып,
құшақтасып жатыр екен екеуi.
Зiл-заланың у мен зәрiн мың iшкен
жатыр екен дем алып бiр тыныспен.
...Қаны қатқан қатыгездiк екеуiн
бiр-ақ шауып өлтiрiптi қылышпен.
Қап-қара ауыр бұлт буып жан-жақты
қурай екеш қурай сыңсып зарлапты...
Бiрақ, бiрақ өлiп жатқан олардың
құшақтарын ажырата алмапты.
Жан тапсырған қара тасты жастанып
ол екеуiн тартқылапты бас салып.
Бәрi бiрдей жабылса да
айырылмай
екi құшақ қатып қапты тас болып.
Бұл жауыздық неткен сонша ерiктi! –
жұлмалапты,
тартқылапты өлiктi...
Айыра алмай құшақтарын ақыры
апыл-ғұпыл сол бiр жерге көмiптi...
...Талай өсiп ,
талай қурап шалғындар,
басқа жаққа көшiп кеттi жал-құмдар.
Қатарынан үш ұрпақты қартайтқан
өттi зырлап содан берi сан жылдар.
Заман өттi қайтып, бiрде тасыған...
Жол түсiптi сол бiр жердiң қасынан...
Қып-қызыл боп қос тораңғы өсiп тұр
екi жастың қабiрiнiң басынан.
Көрiп оны сөз таба алмай орамды,
қайта-қайта қайталайсың «тобаңды».
Кәдiмгi осы қан сияқты қып-қызыл
өсiп тұрды екi бiрдей тораңғы.
Өспейдi ғой қос тораңғы бекерге!
Әдейi iздеп келетұғын бөтен де
бiрте-бiрте қабiр жатқан сол аймақ
айналды ғой қасиеттi мекенге.
Шал-шауқан да белi кеткен бүгiлiп,
жас бала да жүрген ойнап, жүгiрiп
осы жерге тәует етiп кетуге
келiп жатты күндiз-түнi шұбырып.
Ана келдi –
жасын төгiп жылаған.
Дана келдi –
iштен ойын құраған.
...Сол маңайда жүрiп жатты күн кешiп
топырақсыз, қасиетсiз бiр адам.
Сезбейтұғын сұлулық пен таң шығын,
ашпайтұғын бiр адамға жан сырын
сол бiр адам тораңғыдан қып-қызыл
сабын жасап алмақ болды қамшының.
Бiр көрмеген көзiне оның мұң тұнып,
неткен сұмдық қорқау едi құлқыны.
Ешкiм жоқта тораңғыны кесуге
балтасымен жеттi ол ендi бiр күнi.
Бiр ұрғанда –
тайып кеттi балтасы,
екi ұрғанда –
тайып кеттi балтасы,
үш ұрғанда...
әлдеқандай үн шығып
күңiрендi айналаның тау-тасы.
Қақ бөлiнiп темiр балта екiге
сызат түстi тораңғының етiне.
Сол сызаттан шапшып шығып қызыл қан
шашырады сол бiр жанның бетiне!
Iс жасаған жан түршiгiп, безiнер
түптiң түбi бiр сұмдыққа кезiгер...
Содан берi сол адамның –
жыласа –
жоса-жоса қан ағады көзiнен.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Әлеуметтік жаңылтпаш

  • 0
  • 0

Әшкерленгенiң
Әшкере болмайды.
Әшкерелеушi
Әшкере болады.

Толық

Сатқынға

  • 0
  • 0

Еліңнің рухын саттың —
Өмірдің ұрығын саттың.
Дініңді саттың,
Тіліңді саттың,

Толық

Қағаз

  • 0
  • 0

Оңаша бiр жыр құрап
ой iшiнде адастым...
Ақ қағаздан бұрқырап
иiсi аңқиды ағаштың.

Толық

Қарап көріңіз