Жан дүнием булығып тұр – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Жан дүнием булығып тұр» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 805
Көктем кеп, тағы да күн күркіреді.
Жұтынып, жабағыдай қыр түледі.
Көлдердің көзінде жас іркіледі,
Бір жылап бала бұлақ, бір күледі.
Шешініп әже-шыңдар кимешегін,
Қыз-орман шақырып тұр биге тегін.
Елеңдеп, елегізіп, есім кетіп,
Бұл шақта керемет бір күй кешемін.
Тосын кеп соғылғандай толқын жарға,
Ұқсайды көңіл – көкте жел тұрғанға.
Салады жүрегім бір назды әуенге,
Сабасын сағынышым толтырғанда!..
Жоқтай-ақ байыз табар бір тұрағы,
Көңілім қырдан-қырға ұмтылады.
Көктемгі гүл қанатты көбелектер
Алдымнан айырылып-жыртылады.
Белімді тәуекелге буып берік,
Қайсысын кетсем екен қуып беріп?..
Көзді арбап,
Мың құбылып, көңілді алдап,
Жалт етіп жөнеледі жуық келіп.
Арындап, асқақтайды еркін ұшып,
Әуелеп, әсем қалқып, желпінісіп.
Жан дүнием жауар күндей булығып тұр,
Көктемге құмарлықтың дерті қысып...

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері