Құсым-ау! – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Құсым-ау!» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 986
Қайдасың, шабыт құсым, келші бері!
Көңілім көптен неге көншімеді?
Жел қуған жапырақтай быж-тыж болып,
Ойларым бет-бетімен тентіреді.
Құсым-ау, қасиетті ием едің,
Өзіңсің сүрінгенде сүйенерім.
Еркімді, ырқымды да иеледің,
Ием-ау, неткен ғажап киелі едің?!
Айналып қонсаңшы тез, қашқақтамай,
Отырмын қанатсыз қап, асқақтамай.
Өзіңсіз жаным менің тас қақпадай,
Сезімім сенсіз оны ашпақ қалай?!
Шалықтап қайда жүрсің, текті құсым,
Айнытып алдым ба әлде – кектімісің?
Не жаздым?
Осыншама жоқ сыбысың,
Кенеттен керек боп тұр соқтығысың...

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері