Ғұмырды судай сапырған – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Ғұмырды судай сапырған» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 818
Ғұмырды судай сапырған,
Саудагер-сайқал бұл жалған.
Талайлар басын қатырған,
Тағдырға кез боп тұлданған.
Қайғысыз, қамсыз – ақымақ,
Болмайды онда мүлде арман.
Запыран жұтып ақылдан,
Ойлының жаны уланған.
Таусылған шақта шарасы,
Түнеріп жүрек тұншығар.
Жазылмас дерттің жарасы,
Ұлғайған сайын ушығар.
Ушығар-дағы тыншығар,
Сөнгенде ақыл-санасы.
Кеш батар, қайта күн шығар,
Құлшынар адам баласы...

1980


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері