Жасыма, көңілім – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Жасыма, көңілім» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 24.09.2021
  • 0
  • 0
  • 880
(Абайдың ізімен)

Лепірген көңілім,
Өкінген көңілім,
Арманың қанша жетпеген.
Қайғырса елі,
Қайысып белі
Жалғаннан кімдер өтпеген?
Емессің соңы,
Есіңе ал соны,
Көшке ерген сен де тайлақсың.
Тозған ба бұдыр,
Табаның ығыр
Болғандай неге тайғақсың?
Жаңыла бассаң,
Жалтара қашсаң,
Сағалап жүрген сайғақсың.
Іздемес бүркеу,
Беттегі шіркеу,
Өзіңе өзің айғақсың.
Жан қалмас б
ұғып,
Жапанға шығып,
Келсе ажал торын кең жайып.
Түнекті түрер,
Тасқынды тілер,
Тәуекел түбі – жел қайық.
Қара түн келсе,
Қанатын керсе,
Адасқан алға ұмтылар.
Қарайлап досқа,
Қарайған қоста
Үміттің шамы жылтырар.
Үмітің бітсе,
Үкімін күтсе,
Жалының сөнер көздегі.
Мазасыз шалқып,
Маңайын шарпып,
Өмірді өртер өз демі.
Аяқты тұсап,
Көлеңкең құсап,
Қасыңнан қалмас қиянат.
Қамалып жарға,
Қапыда қалма,
Қиыннан жол тап қиялап.
Тасқа да түсер,
Шашқа да түсер
Суарған семсер асылға.
Байласын оққа,
Айдасын отқа,
Тағдырға жылап, бас ұрма!
Қауіп пен қатер
Өтер де кетер,
Не келмес ердің басына?
Арыңды сақта,
Барыңды сатпа,
Жасыма, көңілім, жасыма!

1982


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері