Абай

Бұл бетте «Абай» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1481
І
Абай жалғыз қазақта, Абай дара,
Сөз бастаймын Абайсыз деп ойлама.
Ұмытсаң да шыққан күн, туған айды,
Ұмытасың Абайды қалай ғана?!
Абай – әлем шалқыған шетсіз­шексіз,
Түпсіз дүние тұңғиық көкжиексіз.
«Өзі де рас Алланың, сөзі де рас...»
Деген сөздің парқына көзің жеткіз.
Адам қайда барады, заман қайда,
Абай босқа артына алаңдай ма?
«Заманақыр жастары болмасаңыз,
Жүрегінің түбіне терең бойла!»
Ана тілің аяулы – Абай тілі,
Әр халықтың өз тілі – қалайтыны.
Тілін білмей бөленген бесігіңнің,
Қазақпын деп жүресің қалай тірі?
«Қазағым!» деп күңіренген шерлі күнде,
Абай рухы бүгінгі Елдігіңде!
«Өлмейтұғын артында сөзі барда» –
Адамзатпен жасайды мәңгі бірге!

ІІ
Зар­мұңым бар қайнап жатқан тұмадай,
Тағдырым бар тасқа қаққан сынадай.
Сөзден – сауға, ойдан – қайыр сұрамай,
Көкірегімнің көзі жанса шырадай –
Қасиетіңнің шапағаты тигені,
Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!
Өсиетіңді мәңгі тозбас мұрадай,
Қаршадайдан жаттап өстім дұғадай.
Өлең де бір оқтан қашқан құралай,
Саған жылар, Тәңіріге жыламай.
Шапаныңның шалғайымен қорғай жүр,
Айналайын аруағыңнан, ұлы Абай!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Абай өлеңінің авторы кім?

Несіпбек Айтұлы — осы өлеңнің авторы.

Абай өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Абай өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Несіпбек Айтұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Абай өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері