Жауап Қараш Ыбырайым ахун 1949 жылы тамыз айында шешкені
Талапты құдай оңдаса,
Сөз басына келелі,
Мұнажат қылып көреді.
Есенбақ, Абыл, Нұрымдай
Байбақтыда Сырымдай
Болмасам да денелі,
Иншаалла ойласақ,
Табылар сөздің дерегі.
Сиынғанда қолдаған,
Пірлердің тисе көмегі,
Тыңдағандай адамзат,
Тілімнен жауап өнеді.
Көлденеңдеп желейін
Құлашымды жазайын,
Келген күні кемелі.
Сегіз арыс бұл Адай,
Толықсыған ел еді,
Бақыт, дәулет көп еді
Алты Алаштың ортада
Белгілі биік төбе еді.
Арғы жағы Әнестен
Бергі жағы Алаштан,
Негізгі тұқым келеді.
Сұлулығы айтылса,
Таза сүйек төре еді.
Тәрбиесі айтылса,
Сейітзада бек еді.
Кербездігі айтылса,
Асыл киім киініп,
Белде деңмент кемері.
Салтанаты айтылса,
Ақ үй тігіп тепсеңге.
Мамық төсек, құс жастық
Жарасып тұрған өнері.
Мінгендері бедеу ат,
Алған жары асыл зат,
Үр қызындай бедені.
Мықтылығы айтылса,
Биік асқар бел еді,
Жол бермес асау өр еді,
Өткелсіз судың тереңі,
Алмастың кескір перені,
Мырзалығы айтылса
Айдын шалқар көл еді.
Пақыр-мүскін нашарлар,
Күн көрерлік кең еді.
Әдеп, құлқы айтылса,
Аға айтса іні көнеді.
Балуанын айтсақ балтырлы,
Алысқан алып шөгеді.
Батырлар шықты айбатты,
Қажымайтын қайратты,
Жүргізгендей қаһарланса
Қара жерден кемені.
Билерін айтсақ денелі,
Талай жерден тоқтатты,
Хан менен бек, төрені.
Шайхы әзірет көп шықты
Қабыл болған дегені.
Бес парызды тамамдап
Шұбасыз тағам жегені.
Өнері, ісі айтылса,
Шәһәрлі жұртпен тай келді,
Үлгі берген шебері
Бекет деп ұран шақырса,
Дұшпанның шамы сөнеді.
Білгендер айтса еркі бар.
Адай, Адай болғалы,
Қай орыннан кем еді?
Арттыруға қайрат күш,
Тимесе де себебі,
Ғылым менен білімнің,
Болмаса да керегі.
Бос қалмасын еңбегі,
Молдакемнің сөзінің
Мағынасын айтып береді.
Сәл нәрсені сөз қылған
Молдакемнің ойында,
Бар кісідей жеделі.
Мұндай ұсақ сөздерді,
Балдар айтса жөн еді.
Қариялар бұрыңғы,
Бала айтса қой дер еді.
Жақын жерден жік ашып,
Сіздер мұндай деген соң,
Жастар кімге ереді?
Жақсы сөз келсе сіздерден,
Азаматтар тебіреніп,
Көзінің жасын төгеді.
Көреміз деп қашан осындай,
Көпті көрген көнені.
Тапқандарын сый қылып,
Бәлкі ат-тон береді.
Кіші жүзді бөлген соң
Ой ойладық, молдаке,
Сөзіңе қарай дегелі,
Жік ашқандай болды ма,
Ойлағанда Кіші жүз
Секілді аттың төбелі.
Жігіт-желең болмаса,
Өздеріңдей жақсыға
Алыс деуге болмайды
Кіші жүздің көлемі.
Өзің молда, өзің қарт,
Көңіліңе ауыр алсаң да
Жақынды жаттай санаған
Ақылыңның төмені.
Қателік болса сөзіңде
Тәуба етіп, қайтың демелі.
Мойныңа алсаң қатеңді
Бұрынғы айтқан нақыл бар:
Адасқанның айыбы жоқ,
Қайта үйін тапса дегені.
Айтқаныңнан танбасаң,
Достыққа енді нанбасаң
Сен де күздің бір көбеңі.
Тай, құнандай қиқаңдап
Басылмай жүрген белеңі.
Шамасыз жерге шарқ ұрып
Бар кісідей сенері,
Өтпейтін жерге оқ атып,
Молдакем неге сенеді?
Ажар көріп таныссақ,
Ақ қасында мағұлым,
Қай кісінің жеңері,
Қоямын десең қоя ғой
Сыпайылар ұялса
Көмусіз тірілей өледі.
Ат жалына қолым жеткелі
Көрген жауым сен емес,
Бәсеке болса құмарың
Ат құлағын теңелі,
Қартайсақ та жас жетіп
Басылмаған науқаны
Біз де бір елдің гөзелі,
Әзір күнге күн шалып
Тотықпаған бедері.
Сөйлесуге сенімен
Аттың басын тежелі.
Мақтап айтсақ бұл Адай
Алты Алаштың өңі еді.
Жетімге ата-ене еді,
Ел-жұртынан айырылған
Нашарларды талай демеді.
Аққан судай қайырлы
Аш арыққа жем еді,
Ауруға дәрмен ем еді
Адайдан шыққан жақсылар
Падиша ханнан сый алған
Өтімді еді беделі.
Адайменен бәс еткен
Молдакем қандай неме еді?
Білгір болсаң айтып бер
Киіз үйлі қазақта,
Қазақ түгіл арабта,
Кім Адаймен тең еді?!
Молдакем көптің ағасы,
Халыққа тиген панасы,
Молдакемнің сөзіне
Пәхәм етіп қарашы.
Пәхәм етіп қарасақ,
Мысыр деген шәхәрдің
Дүние болар шамасы.
Үйренген жері әркімнің
Ойлағандай Мысыр деп
Айтып еді елдің данасы,
Көркі сұлу ажарлы
Мысырда бір қыз дегенің
Хақ шариғат - ислам дін,
Бұған кімнің шарасы,
Үстіне шыбын қонбаса
Нәпсі шайтан залымдар
Шарғыға зәләл етпейді,
Бұған түсінер пікір санасы.
Бір күн ерсіз жатпаса
Шариғат пен ақылдың
Ашылмайды арасы.
Шариғаттың төрт дәлел
Берік қорған қаласы.
Исламның бес парыз,
Оразаның отыз күн,
Күн тәулікте бес намаз
Шарығының қырық баласы.
Калифадай әрбірі
Бұлармен кімнің шарасы.
Жалған айтсаң білмедім
Рас айтсаң, молдаке,
Осылай шығар шарасы,
Шариғат деп ойладық
Мысырдан шыққан қызыңды,
Бойы биік ұзынды,
Беті алмадай қызылды,
Өзі сыпайы назылды,
Шариғаттың қолында
Қызға ғашық болғандай
Ақылы жеткен қызыңды
Ақылы жоқ адамдар
Рахатын білмес сұлудың.
Ерлігі жоқ кісідей
Кейін қарай бұзылды.
Көңілім білсе көз танып
Мағынасы айтқан сөзінің
Бұл дәптерге сызылды
Имам Ағзам пірінен
Шариғаттың шам жанды
Аят хадис мағынасын
Мұджтехеттер аңғарды.
Ыбекеңнің өзін айтып жатқаны.
Зеректігін олардың
Көрген адам таң қалды.
Олардан соңғы молдалар,
Болмаса да олардай
Әлі де біледі бағдарды
Білмегендер сандалды.
Жатқандарды оятып
Молдакем салды жанжалды.
Қырық бала дегенің
Шариғатты ақтаған
Дүниенің жүзін сақтаған
Қайып ерен қырық шілтен
Араби есімі Абдол-ды.
Шариғатты жүргізген
Дін мұсылманды тұрғызған
Мұхамбеттің үмбеті
Әзіреті Омар мен
Қырық кісі болғанды.
Кәпірлерден қорықпай
Қалың топты қақ жарды.
Қырық бала дегенің
Бұлардың бірі болмаса
Сөзіңде айтқан қамбарды
Сіздердей жақсы кез болса
Түсінерлік бізде пәм барды.
Кәрілік жетіп бұл шақта
Тек шықпаған жан бар-ды.
Ақсұңқар жемсіз ұшпас
Дегендей ескі нақыл бар.
Күйі түссе қарының
Бір шабарлық жалы бар.
Мәжіліс құрып алқада
Айқын жүйрік танылар,
Қанша жүйрік болса да
Өзінен зорға жолығар,
Аяқтары жаңылар,
Бәлкім ізде қалынар,
Демігіп тыныс тарылар,
Жүрегі қорқып жарылар,
Құлағы жоқ, көзі жоқ
Қозғалады дейсің жаны бар
,Бұл сөзіңнің мағынасы
Су болғандай шағы бар,
Қозғалады дегенің
Сарқырап төмен ағылар,
Ақпаса да сарқырап
Бетінде толқын дағы бар,
Пайдасы көп дегенің
Айуанат пен набатат
Шөлдегендер қанығар,
Жамағаттан болса да
Тіріліктің кеше мақсаты
Осы судан табылар.
Ожағалнә міналмаэн күллі шайін
Келгендей оған мәні бар,
Заманы өтті демесең
Бір реуаятта Мұсаның
Асасы деуіне болынар,
Қасиеттен бұл аса суға көпір
Жауға айдахар болып жолығар.
Мұнан да басқа бірнеше
Таңғажайып жолы бар,
Мұсылманға пайдасы
Нахайатсыз тағы бар.
Молдакемде көз болса
Шарғыға лайық сөз болса
Осы берген мағынаның
Біреуі қабыл алынар.
Молдаке бұл хатты
Адайға жазып жолдапты
Бәлкі жолсыз қолдапты,
Өзін мақтап бұлдапты.
Бұл жерде шексіз, шегі жоқ деген мағынада.
Хат жүзінде айтқаны
Балаларша жұмбақты,
Үш жыл мерзім ішінде,
Шешіп жібер деп жырлапты.
Желден жүйрік, жерден жалпақ деп танытты.
Мұның мағынасы күн болған,
Нұр сәулесі ол күннің
Жер жүзін тамамдап
Жарық қылады су мен құрғақты
Өлшеуі жоқ нұрлы-ақты,
Бағасы жоқ қымбатты.
Машырық пен мағырып
Бес жүз жылдық жол еді,
Он сағатта мол батты
Өзін-өзі ұлықтап
Көрмегендей бір затты.
Кемге қойып халықты
Аз көрді ме, молдакем,
Мәжіліс құрал саңдақ-ты,
Ду менен дүбір шаңдақ-ты,
Өзін зорға санайды
Көрмеген кісі жан-жақты.
Тастан ауыр салмақты
Кескір алмас балдақ-ты,
Мақтаса да жабыдан
Бедеудің мойны сұңғақ-ты,
Сөзге дерек тапқандай
Сар шілдеде шапқандай,
Мен қашанғы күнғақты.
Жақсылар шариғатқа назар салар
Кәпір антқа, мұсылман тілге нанар.
Көңіл көз көріскенде ақыл панар.
Дегенің екі анадан сегіз бала
Асылы ажар заты шамдай жанар,
Әміріне көн дегенде бір Aлланың
Барлық та сегіз ұжмақ келген алар.
Ат жарақ, киім тамақ бары сонда
Келгенде сол жәнетте көңілің толар.
Жасың бар 33-ден аумайтын
Жұптыдан қыз-келіншек мейірің қанар.
Нұн деген кон мағынасы білмесеңіз
Екі ана каф пенен нұн болса жарар.
Кон дегенде екі әріп каф пенен нұн
Баршасы мақұлқаттың сонан тарар.
Айырып молдакемнің айтқан себеп
Мұсылман ақырында ұжмақ барар.
Ұжмақта еш ренжу, жоқ-ты зарар
Сегізі де жақсы бала деген себеп
Мұсылман мақсаттарын сонда табар.
Иесі баршасының болса жалғыз
Алла жақ Субханәке өзі болар
Сөзіңіз шариғатқа тура болса
Жөн болар Қарықұлдың берген хабар,
Қарықұлдың мысалы ойлағанда
Күні түссе қас жүйрік қоймай шабар.
Ыбекеңнің өзін айтып жатқаны.
Шариғат пен табиғат десең ана
Бұлардан өнері сегіз бала,
Шариғаттан парыз, уәжіп, мұстахаб, сүндет
Табиғаттан арам, мәкруһ, мүфсит, мүбах
Арам, мәкру жақсыдан болмаса да
Әркімнің өз баласы өзіне дегендейін
Көңіліңіз кетсе бұған айттық және
Бидерек сөзің айтқан қалмасын деп,
Сөзіңе мағына бердік келген шама.
Егерде біле қалсақ сөз мағынасын
Бізді де өздеріңдей ерен сана.
Сынауға ақылды
Молда қағаз салыпты,
Танымасаң, молдаеке,
Біз ғаріп інің талып-ты,
Айтқаныңа нанық-ты,
Кеше күндіз ойланып
Сөзіңе зейінім қанықты.
«Төрт құлақты бес басты,
Біреуінің жаны жоқ»,
Түсінбеген адамдар
Біле алмай шаршап шалықты.
Бұл сөзіңнің мағынасы
Білімді ерге анық-ты,
Бейіт салып көтерген
Төрт құлақты табытты,
Көтереді төрт адам
Жансыз бейіт үстінде
Жатыр беті жабық-ты,
Айналасы көпшілік
Намазға келген халық-ты,
Оңғарса құдай бағытты,
Намаз парыз болған соң
Иманды құлға жарық-ты.
Бұл сөзіңнің мағынасын
Адайлардың Қарықұл,
Тиегін шешіп ағытты,
Сөзіңе дерек табылса
Кемге қойма, молдеке,
Біздей мүскүнінің ғаріпті.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі