Өлең, жыр, ақындар

Бес саусақ

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1473
Саусақ — бесеу.
— Пәлі, шіркін, жарқ етті-ау бір жаңалық!
Біреу, екеу...
ал, санадық, санадық.
Шалдар алды шашқа — қырау, сақалға — ақ,
"бірдей емес бес саусақ" деп мақалдап.
Теңдік деген болмаған-ау онды аса
бес саусақтың өзі бірдей болмаса?!
Саусақ бөлу, міне, былай басталмақ:
"Ортантерек", "шылдыр шүмек", "бас бармақ".
Бір қолдың әр саусағына ат байлап,
саусақты да бөлген қазақ қақпайлап
нені бөлмес...
бөлуге әуес жұрт осы,
анау — үйі,
мынау жалғыз — күркесі.
Бір-бір үйден.
Ауыл деген — атағы,
әр қабақтан түтін бықсып жатады.
Қойы ғана дүбір салса түнде үркіп,
жұлдызды аспан — жыпың қаққан мың кірпік.
Тағдыр талай саусақтан ап бір-бір түп
бұрап еді-ау бұ даланы шыңғыртып!
Шыңғырып кеп көкке созған құлашын
сонда шыққан дауыс па екен мына шың?!
Сонда тұнған көз жас па екен көл анау?
(Әй, обал-ау, обал-дағы, обал-ау!)
Заман — шүкір.
Сәби құсап шүлдірлеп,
бөліп жүр дос өз саусағын бір-бірлеп.
Жау жоққа — жау,
жұтамасқа жұт арнап,
өзін өзі бөле ме адам бұтарлап?!
"Балан үйрек", "титтей бөбек", "бас бармақ",
бағың жанып тұр-ау бүгін аспандап —
жұлдыздарды түртіп тұрған саусағың
өз шекеңді бір түртсе деп аңсадым.
Қайда бірақ...
Маңда құрақ сусиды,
өнерліден өсек айтқан қу сыйлы.
О, бес саусақ!
Тұмсыққа ұрар шегелеп
жауың жоқта жұдырық боп не керек,
Саусақ біткен біріксін де керемет
алақанға су тұрғызсын деген ек...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Екі көрініс

  • 0
  • 0

Сирек бұлттар алалап қырат, қырды,
бір көлеңке, бір шуақ лақтырды.
Әр сыбысқа жапырақ құлақ түрді,
бұрғы-құйын бір дөңге шаншылып ап

Толық

Өмір

  • 0
  • 0

Өмір, өмір, өмір деген – бір ғажайып бәйтерек,
Бәйтерекке түн де керек, күн де керек, ай керек.
Сол теректі паналаған балапансың сары ауыз,
Сол теректе өткен тірлік – әрі шындық, әрі аңыз.

Толық

Өткен күндер көп шытынып қабағым

  • 0
  • 0

Өткен күндер көп шытынып қабағым,
Маңдайыма түсті содан көп әжім...
Күнмен бірге көзімді ашам көру үшін
аспанның да қабағын

Толық

Қарап көріңіз