Қоңыр түс – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Қоңыр түс» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 26.09.2021
  • 0
  • 0
  • 4786
Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
көзін сулап, қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мен өстіп —
қоңырқай ой маза берер емес түк.
Қоңырайып жатыр алда жол әлі —
кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...
қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен
қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда
шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоян жонға қоңыр ымырт түскенге
қоңырайып отырамын үстелге...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері