Кәрілік – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Кәрілік» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 911
Күрсінді ата —
кәріліктің қайғысы
шығар дедім, күрсіне ме жай кісі?
— Жоқ, — деді ол,— ішті жалап барады
бір жүйріктің алынбаған бәйгісі.
Күрсінді ата —
түртеді екен не түлен,
бұлар, — дедім,— қайғырғыш-ау шетінен.
— Жоқ, — деді ол,— бұдан елу жыл бұрын
бір досыма жалған айтып кетіп ем.
Күрсінді ата —
түртеді екен не түлен,
бұлар,— дедім,— еріккен-ау шетінен.
— Жоқ, — деді ол,— сұрағанда қиылып
бір жеңгеме белбеу бермей кетіп ем.
Күрсінді ата —
қасіреті бойдақтың
шығар, — дедім, — уақыт бар: ойнап, күл.
— Жоқ, — деді қарт, — баяғыдан бос жүріп
шөбереме құда түсіп қоймаппын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері