Молшылық – Жұмекен Нәжімеденов

Бұл бетте «Молшылық» атты Жұмекен Нәжімеденов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1154
Махамбет шал төгіп кетті отты өлең —
Топырағымда ерлік болып көктеді ол.
Абай аға егіп кетті ойлы өлең —
Қазағымның қасиеті боп сөйледі ол.
Топанына тоғыттырып жер-көкті
Қара нөсер Қасым аға — ол да өтті.
Ілияс еккен ақ бадана сөз дәнін
туған топырақ тал бесік боп тербетті.
О, Молшылық!
Байлық еді бұ неткен —
бал ағады шүмектен,
алтын ақтап жатырмыз біз күрекпен!
Менің дағы халім жақсы,
қызықтады көп адам:
нарттай қызыл нан суырдым табадан.
Ырысым сай еңбегіме, ісіме:
Кем болмайтыны секілді масақ терген кісі де
Миллиард пұт астық берген даладан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері