Өлең, жыр, ақындар

Бәйтеректер

  • 28.09.2021
  • 0
  • 0
  • 743
Өсірем деп, жеткізем деп мені ептеп,
жер тырналап мал жиды.
— Мына қарт па?
Алжиды той алжиды,
қартайғанда не бар, десті ел, дедектеп.
Күн қауысты — көкем қайтты —
әлгі сөзді ел бекерге айтты.
Қоңыр бұлттар шашын жұлып долданды,
қақ жүректен ұрды мені қаза нақ.
Найзағаймен бетін осып, азалап
бұлттар да өксіп жылағандай болды әлгі.
Жел жақтағы бәйтерегі құлаған
шыбық құсап майсаң қағып мен қалдым.
Көкем — кетті.
Қайта шықты батқан Күн,
түк болмаған сынды нұры арайлы-ақ,
Жарығы — сол,
жылуынан түңілдім;
мола жаққа көп қарайлап, қарайлап.
Бәйтеректер ығындағы көп шыбық
тіп-тік өсті,
мен — майыстым, майыстым.
Кінәлама, содан қалған бойымда
мінезі бар шикі-көгіс қайыстың.
Теплицада өскен гүлдей әдемі
маңдайыма жел ұрмаған жан едім,
ойда жоқта қарашаның қары ұрып,
желдей гулеп қоя берді маңайым,
басу айтты ағайын,
жәм-ағайын парызынан арылып,
ақыл айтты, уәйім айтты бәрі ұлып.
Сөздеріне жауап іздеп түрлі елдің,
қарияның бейітінің басына
күн қауысар уақытта бір келдім.
Тіл қатпады шеген мола тұнжырап —
үйге қайттым бір жылап. —
Әлдекімнен жылу іздеу жайлы елес,
мұның, — деді бір қария,— қайғы емес!
Бір салқын күй шалқып ұрды жүзімді,
көкірегімді салқын ұрды, күз ұрды,
бір бұтағым өспей жатып үзілді.
Бір бұтама жаңа қонған құсымды
әлдекімдер кесек атып ұшырды.
Басына қонған әр шымшықты әнші ғып
өсе берді тал шыбық.
Көңіл — күпті,
көкірегім жаншылып,
көңіл жүзін Айға ұсап қоңыр бұлтпен жасыра,
екі келдім ескі бейіт басына.
Үн қатпады шеген мола тұнжырап —
тағы қайттым бір жылап.
Екі аттап та ала алмадым бір адым:
екі мәрте емтиханнан құладым.
Мысықтарға ұнамады тырнағым,
есектерге жат көрінді құлағым,
Бұ не?— дедім,—
Ұрды біреу столды:
міне, деді ол, түсініксіз іс болды;
енді біреу қарап жүріп тістенді.
Таңға жуық кәрі әкенің басына
тарыға ойлап тағы келдім — үш келдім:
шеген қора шөпке толып тұр іші,
ескі елтірі бөрік құсап бүрісіп.
О, бұ жолы...
қайттым мықтап бір ішіп.
— Жұрттан ылғи қайырым күту жайлы елес,
мұның, деді тағы бір қарт, қайғы емес.
Қамқор ата қабірінің басында
"Жебеп-желер" әлдене бар
бар расында:
мені баурап әкетті "еңбек қарқыны",
терім төктім әр-әр күні, әр түні
үміттену, түңілулер арқылы
есейдім мен;
жапырақ қана — шығыным,
кірісім сол:
ық жағымда шыбығым;
енді мұңым шағамын:
атаға емес, атағына қаланың,
күллі еліне даланың.
Әлдекімнен қақпай көрген кезімде
молаға емес,
сарайларға барамын.
Өсірем деп, жеткізем деп мені ептеп,
қартайғанда қайрат етсе дедектеп,
мен үшін кім болғандығын өзінің
өткізгені болар ма?
Егіп кетсе сөз-үнін,
түңілу мен үміттену сезімін —
жеткізгені болар ма?!
...Жауып-жауып таусылды ма дақпыртқа:
менің қоңыр бұлттарым
кетті айналып ақ бұлтқа!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ағаш қылыш

  • 0
  • 0

Таудай қартсың,
бұлағы аққан тау ғұрлы
Жомарттық ет,
Қоршап тұрмыз аулыңды,

Толық

Жыл басы

  • 0
  • 0

Таң ағарды.
Шығыс жақтан қып-қызыл
қызыл күннің бір құлағы шықты ұзын.
— Жылды бұрын кім көре алса — сол бастар

Толық

Талай күзде, көктемде

  • 0
  • 0

Талай күзде, көктемде
көзің болды байпақтай:
Тасып бір тасып кеткенде
құятұғын сай таппай.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар